Шығыста Зайсан ауданындағы сегіз ауылға газ тартылмаған

Шығыстағы газбен қамтылған жалғыз аудан - Зайсанда көгілдір отын жетпеген 8 елді мекен бар.

Әне келеді, міне тартылады дегелі он жылдан асыпты. Дайыр ауылының тұрғыны Бақытхан Тілеужанов мына сары құрылғыны көрген сайын ішім ашиды дейді. Өйткені бұл газ ауылдың шетіне кеп тұр дегенді білдіреді. Өткен жазда жұмыс басталып, аяқсыз қалған. 

Бақытхан Тілеужанов, Дайыр ауылының тұрғыны:

- Ауыл ауылдың ішін қазып, мына әкім бар. Барлығы ішінде аралап жүрді. Қалайда себеп ақша жоғы ма, әлде басқа жағынан ба қайта жауып тастады оны. Осыны қолға алып, Зайсан ауданы, соның ішінде 8 ауылды мекенге кішкене бетбұрыс бұрса, біз Қазақстанға сенеміз. Сенбейтін емес, туған жеріміз, туған ауылымыз, туған мекеніміз туған Қазақстанымыз. 

Біржан ауылында да от жағып, күл шығарған жұрт. Бәрінің күні мынадай жүк көлігіне қарап тұр. Серік Тауасаров тау арасынан көмір тасиды. Отынды Зайсандағы кеніш басынан тоннасын 16 мың теңгеден сатып алады. Ауылда 25 мың теңгеге өткізеді. Өйтпеске амал жоқ. Жер шалғай, жол ауыр.Шығын көп. 

Серік Тауасаров, көмір жеткізуші:

- Ол жерден тасып әкелу жол азабы өте қиын. Жыл сайын міне соққан боран, әсіресе соңғы 10 күндегі боран халықты біраз титықтатып жіберді. Көмір жеткізе алмай қалдық. 

Газ іргеде болғанымен, гәп басқада. Ауылдарға құбыр төсеу жұмысының орта жолдан тоқтауына қаржының жетпеуі қолбайлау болған. Құрылысты жүргізу бойынша екі мердігер компания арасындағы сот ісі аяқталғанша, баға өсіп кеткен. Сондықтан жеңген мекеме жобалық-сметалық құжатты қайта түзетіп, жоғарыға жіберуге мәжбүр. Бұл уақыт алады. Енді ауыл жұртының көңілі күпті. Өстіп жүргенде газ қоры таусылып қала ма деп, алаңдаулы. 

Нұрлан Рамазанов, ШҚО Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

- Өзінде газ болмаса да басқа жақтан келуі мүмкін. Бізде Маңырақ газ ЖШС барлау жұмыстарын жасап жатыр бұл Тарбағатай ауданы Шеңгелді ауылының маңайында. Ол жерден газ шығатын болса енді Шеңгелді ауылынан Зайсанға дейін 100 шақырым жерде орналасқан оны да қарастыратын боламыз. 

Сонымен қатар салалық мамандар алдағы уақытта Ресейден газ тарту мәселесі де қарастырылып жатқанын айтты. Ал әзірге Зайсандағы көгілдір отын қоры 325 миллион текше метр екен. Бұл он жылға жететін мөлшер. Осы байлыққа сегіз ауыл қосылып үлгере ме, жоқ па, ол жағы белгісіз.

 Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов