Түркістан облысында колледж студенттері нан өнімдерін шығарады

Көксәйек ауылындағы студенттер теория мен тәжірибені ұштастырып отыр.

Оқу орнының наубайханасында ас атасының бірнеше түрін өздері пісіреді.

Қымбат Сапаралы аспаз мамандығын меңгеріп жатыр. Сабақтан тыс уақытын осы наубайханада өткізеді. Нан илеп, қамыр ашытудан бастап ас атасының бірнеше түрін пісіреді. 

Қымбат Сапаралы, студент:

- Бірінші қамыр илейтін машинаға ашыту, екінші көтерілу пешіне қою, үшінші өзінің температурасына байланысты нанды пісіріп, өзіміздің жатақханамызды нанмен қамтамасыз етеміз. Практика уақытында балалар бос болмайды. Теорияны тәжірибемен ұштастырамыз.

Наубайшы мамандығы бойынша білім алатын 50-ге жуық студент осында күнде келіп, тәжірибеден өтеді. Өндірістік цехтың шеберлері оларға нанды жұмсақ әрі дәмді етіп пісірудің ерекшеліктерін көрсетеді.

Балқия Айтмырзаева, өндіріс цехының шебері:

- Наубайшы цехы болғандықтан нан өнімдерін пісіру әдістерін үйретеміз. Дайындау тәсілдерін үйретеміз. Таба нана немесе лепошка дейміз ғой, соны пісереді. Одан кейін бөлке нандарымызды, қара нан, бауырсақтарымыз, тәтті нандар бар. Бөлішкелерді пісіреді. Соларды үйретеміз.

Оқу орнының қабырғасында наубайшыдан бөлек, аспаз және кондитерлік тағамдарды әзірлейтін цех бар.

Шахзода Сайлау, студент:

- Вафлицаны әрлейміз. Бірінші шоколадты азтына аздау  құйып аламыз. Себебі бұл шоколад сәл ащылау. Енді вафлицаны алып, үстіне қоямыз. Крем дайындап алғанбыз, оны үстіне қант ұнтағын қосамыз. Осылай әрлейміз. Сонымен біздің вафлиіміз дайын.

Колледжде аталған үш мамандық бойынша жылына 150-ге жуық студент білім алады. Мамандар болашақ аспаздарға сұраныс жоғары екенін айтады.

Ермахан Сарыпбеков, колледж директорының орынбасары:

- Осы ауыл тұрғындарын, колледжде жатқан студенттерді өзіміздің нан өнімдерімен қамтып жатырмыз. Мұнда нан өнімдерінің бірнеше түрін пісіруге болады. Болашақта біз аудан көлемінде тұрғындарды нан өнімдерімен қамтуға мүмкіндігіміз бар.

Бірақ студенттер өздері пісірген нан өнімдерін сатылымға шығара алмайды. Себебі оқу орны кәсіпкерлік емес, білім беретін мекеме.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов