Ұлттық спортты дәріптеген орталық

Абай облысының Көкпекті ауданында ашылған ұлттық спорт орталығында 60-қа жуық оқушы жаттығады.

Қазір балалардың ат спортына деген  қызығушылығы артып келеді. Жасөспірімдерді көкпар мен аударыспаққа ауылдағы тәжірибелі атбегілер мен шабандоздар баулиды. 

Аяжан Советова ұлттық спорт ойындары орталығындағы асық ату үйірмесіне келеді. «Бес асық» ойынын жетік меңгерген оқушы облыстық жарысқа қатысып, жүлдегер атанып үлгеріпті.    

Аяжан Советова, оқушы:

- 13 позициясы бар. Оның өзінің әрқайсысының жеке-жеке ережесі бар. Біз осы ойынмен шапшаңдыққа, жүйріктікке үйренеміз. Қолдың икемділігіне, ойымыздың дамуына. Және өте қызықты ойын.

Көкпекті ауылында ашылған орталықта садақ ату үйірмесі де бар. Мергендік пен шапшаңдыққа, дәлдік пен батырлыққа тәрбиелейтін спорт түріне балалар қызыға қатысады.

Мейіржан Медетұлы, оқушы:

- Біз садақ атуды енді бастадық. Садақтың басында неменесін үйрендік, қалай тарту керек, қалай көздеу керек. Бұл спорт біздің ата-бабамыздан келе жатқан спорт түрі. Мұны біздің батырлар ұстаған. Және мен өзімнің мергендігімді сынайын деп келдім.

Бауыржан Түсіпжанов, ұлттық спорт ойындары орталығының директоры:

- Орталықта 7 үйірме бар. Көкпар, бәйге, аударыспақ, теңге алу, тоғыз құмалақ, асық ату, садақ ату. Орталықта 4 инструктор, 3 бапкер қызмет етеді. Балалармен жұмыс істейді.

Азамат Қасым, тілші:

- Балалар орталықта теориялық білім алумен шектелмейді. Таза ауаға, ауыл сыртына шығып, осылай атқа мінеді. Бәйгеге шабудың қыр-сырын үйренеді.

Ал Ажа мен Тассай ауылдарында оқушылар көкпар, аударыспақ пен теңге ілуге машықтанады.

Елдос Төкенов, бәйге үйірмесінің жетекшісі:

- Балалар аптасына үш рет келеді бізде. Жұма күні осында келеміз. Балаларды атқа мінгіземіз. Атқа отыра алмайтын балаларды үйретеміз. Қалай отыруды, қалай түсуді. Аттан қорықпауды. Болашақ шабандоз қылып шығарамыз ғой оларды. Осы жан жаққа барамыз. Көкпекті, Өскемен сол жаққа. Аттарды апрамыз. Бәйгеге шабандоздарды қосамыз.

Ділдәбек Оразбаев, аудан әкімі:

- Әрбір ауылда штат ұстайын деп отырмыз. Барлығы кілең жастар. Бұлардың барлығы 30-35-тегі жігіттерді алып жатырмыз. Біріншіден, осы жастарды қабылдап алсақ. Екіншіден, бұл ауылды тұрақтандырудың да бір жолы деп есептеймін. Себебі, жастарға жұмыс табылып жатыр. Олар енді көшпейді. Сол себептен мұны ары қарай дамытып жатырмыз. Арнайы ғимарат бердік.

Орталықтың жұмыс істеуі ауданда ұлттық ойындардың кең қанат жаюына жол ашты. Былтыр Көкпектіде алғаш рет көкпар командасы құрылды.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов