Алматыдағы жер сілкінісінің күші 5 балл деп бағаланды

Алматыдағы жер сілкінісінен бір адам жарақат алды.

Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. 18 жастағы тұрғын дереу ауруханаға жеткізіліп оған қажетті көмек көрсетілді. Содан соң тұрғылықты жері бойынша емханаға амбулаториялық емделуге жіберілді. Басқа ешкім дәрігердің көмегіне жүгінбеген. Жер дүмпуінен соң жоғары оқу орындары мен мектептер жұмысын тоқтатты. Студенттер мен оқушылар үйлеріне жіберілді. Қалалық білім басқармасы екінші ауысымда оқитындарға сабақ болмайтыны туралы хабарлама таратты. Ал сейсмология институтының мамандары тұрғындардың сағат 16:00-ге дейін төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындарда болуды сұрады. Комиссия жағдайды бағалап, шешім шығарған соң жұртшылықтың үйіне оралуына рұқсат берілді.

Жер сілкінісінің күшін осы түсірілімнен анық байқауға болады. Магнитудасы 5 балл. Жер тербелісі сағат 11-ден 22 минут өткенде тіркелді. Жұмыста жүргені де, сабақ оқып отырғандар сыртқа лап қойды. Дабыл қағылды.  23 қаңтарда болған жер сілкінісінен кейін жұртшылық негізгі 10 қағиданың бәрін болмаса да біразын есте сақтап қалған.

Блиц: 

- 10-этажда жұмыс істейміз Нұрлытауда. Жер сілкінісі қатты болды. Сол себепті жерге түстік лифтпен емес. Баспалдақпен. Қорқыныш болды. Бір сағаттай далада тұрдық.

- Әрине, қорықтым. Қатты болды ғой. Бірақ далаға тұра жүгірген жоқпын. Тоқтағанын күттім. Содан кейін баспалдақпен шықтым.

Ал бұл кардиология институтының дәрігерлері. Жер сілкінген сәтте науқасқа операция жасап жатқан. Сәл тоқтап, отаны қайта жалғастырған. Білуімізше операция сәтті өткен. Мұғалімдер де балаларды тыныштандырып, жер сілікінісі кезіндегі ережелерді сақтауға шақырған.

Блиц: Жер сілікінісі кезінде біз мұғалімнің арқасында барлық нормаларды сақтадық. Терезеден аулақ болу, жиһаздан аулақ болу. Абайлап далаға шықтық.

Жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан тауға қарай Қырғызстанмен шекаралас аймақта болған. Екі араның қашықтығы 31 шақырым. Мамандардың айтуынша, дүмпу 10 шақырым тереңдікте болғандықтан тербеліс анық сезілген. Бұдан кейін афтершоктың болуы заңды, дейді сейсмология институтының мамандары. Бірақ күші бірте бірте азая бастайды. Дегенмен сақтық шараларын естен шығармау керек.

Нұрлан Атығаев, қалалық ТЖД бастығы:

- Ғимаратттан шығыңыз. Жақын орналасқан халықты қабылдау пунктеріне барыңыз. Тек ресми көздерден алынған ақпаратқа сеніңіз. Назар аударыңыз. Сирена сигналын естігеннен кейін құлақтандыру құралдарын қосыңыз. Жағдай нақтыланған соң қосымша ақпарат жеткізіледі.

Қала әкімдігінің айтуынша,  тұрғын үйлер мен ғимараттарға айтарлықтай зақым келмеген. Дегенмен, алматылықтар қабырғаларына сызат түскен үйлердің видеоларын жүктеді. Барлық мәлімет арнайы тексеруден соң анықталады. Егер нұқсан келген келген жағдайда дереу хабар беруді сұрайды.

Әлішер Әбдіқадыров, қала әкімінің орынбасары:

- Алматы қаласындағы ғимараттарға айтарлықтай зиян келген жоқ. 384 қабылдау пункті іске қосылды. Тіршілікті қамтамасыз ету орындары қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың көзге көрінетін зақымдануы туралы өтініштер негізінде одан әрі ден қою шараларын анықтау үшін комиссия ұйымдастырылады.

Жер сілкінісінен кейін қала көшерелерінде  10 балдық кептеліс болып, автокөліктер сағаттап тұрып қалды. Ата-аналар мектеп пен балабақшадан балаларын алуға асықты. Әкімдіктің хабарлауынша, қаладағы мектептер балабақшалардағы  қабылдау пунктері түгелдей ашық. Алматы әуежайы  штатты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Ал метродан жолаушылар түгелдей сыртқа шығарылып, уақытша жабылды. Полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев