Эвакуациялық пункт: 1300-ден аса адам жүгінді

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін эвакуациялық пункттерге 1300-ден астам адам жүгінді.

Дүмпудің қайталануынан қорыққан тұрғындар дереу сол маңға жиналды. Жалпы қалада 384 халықты қабылдау орындары ашылды. Олар негізінен мектеп, балалбақша, университет сынды құрылымы берік әлеуметтік нысандарда орналасқан.

Күн жылынып, алматылықтар алдағы мерекенің қамына кіріскен еді. 8 наурызға орай әртүрлі іс-шаралар жоспарланған болатын. Әріптестерім «Бизнес леди» конкурсын түсіруге барған. Байқаудың басталғаны сол еді, гүрс еткен дауыс жиналғандардың есін шығарды.

Жер сілкінісі кезінде жедел әрекетке көшкен эвакуациялық пунктің бірі № 23 мектеп-гимназиясында орналасқан. Білім беру мекемесінің ұжымы оқушыларды дереу үйлеріне қайтарып, эвакуциялық орынды жасақтады. Дүмпуден секем алған жақын маңайдағы тұрғындармен қоса қонақ үйлердегі туристер де келіп бас сауғалады.

Навин Чатурведи, турист (Үндістан):

- Мен өмірімде бірінші рет жер сілкінісін сездім. Қонақ үйде болғанбыз, дүмпу басталған кезде қонақ үй қызметкерлері қауіпсіз жерге апарып, сілкініс басылғанша күттік. Одан кейін қолымызға карта беріп, осы эвакуациялық қабылдау пунктіне жіберді.

Қалада 384 эвакуциялық қабылдау пункті ашылды. Нақтырақ айтсақ 229 мектеп, 115 балабақша, 15 ЖОО, 20 колледж және 5 стадион. Бұл пункттердің барлығының мекенжайын 2ГИС платформасынан және ТЖД ресми сайтынан табуға болады.

Саида Сүндетова, № 23 мектеп-гимназиясының директоры:

- Біз жер сілкінісі кезінде жедел әрекет еттік. Осыған дейін мектепте бірнеше рет сейсмикалық жаттығу өткен болатын. Соның арқасында оқушылар да қорықпай қимылдады. Бірден стадионға жиналып, осы жерден ата-аналарына табыстадық. Бір жағынан эвакуциялық орталықты жасақтадық.

Эвакуациялық орталықтардың мекенжайлары қөпқабатты үйлердің кіреберісіне де орнатылған. Жер сілкінісіне байланысты қаладағы барлық мектеп пен колледждерде сабақ тоқтатылды. Оқушылар мен студенттер үйлеріне қайтты. Сейсмо жаттығу талай рет өткенімен, дәл жер сілкінісі кезінде абдырап қалғандарда болды.

Бақнұр Нұран, студент:

- Біріншіден, қауіпсіздік ережелерін сақтап, шетке тұрып деген сияқты жағдайларды жасауымыз керек еді. Алайда біз шок жағдайдан кейін бірден далаға қаша бастадық. Нақты білмей қалдық, өзіміздің ойымызды жинақтап үлгермей қалдық.

Бекзат Дүйсенбекұлы, студент:

- Аяқ асты жер сілкініс болып кетті. Одан кейін мен қашайын деп ойладым да, сақырлаған дауыстар шыққанда құлады, деп ойладым. Неше түрлі ой кетті. Одан кейін басылып қалды, асықпай шықтық.

Дүмпу болғаннан кейін екі сағаттың ішінде бұл эвакуциялық орталықтарға 1100-ден аса адам жүгінген. Сағат үштен өте сейсмологтар мен Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындардың өз үйлеріне оралуына болады деген хабар таратты.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон, Радик Жакупов