«Алматы, я люблю тебя!» фильмнің тұсаукесері өтті

Қазақ кино өндірісі тағы бір тың туындымен толықты. «Алматы, я люблю тебя!» фильмі елдегі барлық экранға жол тартты.

Кинокартинаға 5 түрлі оқиға желісі арқау болды. Яғни комедия, драма, мелодрама жанрын қамтыған туынды киноальманах форматында жарық көрді. Мұндай фильмдер елде сирек түсіріледі. Шығарма сонысымен ерекше. Тұсаукесерге ұйымдастырушылардан бөлек, актерлік құрам мен режиссерлер тобы да арнайы қатысты.

Ірі мегаполистің тарихы мен күнделікті тыныс-тіршілігінен сыр шертетін фильмнің сценарийіне 5 бірдей маман атсалысты. Оны түсіруге таңдаулы деген 3 режиссер шақыртылды. Фильмнің жарыққа шығуына атсалысқан топ оқиға желісі жалықтырмайтынына сенімді.

Айгүл Ақсамбиева, фильм режиссері:

- 10-15 минут ішінде басқа оқиғаға қайта-қайта жерге түсіп, көкке ұшып, одан кейін бір жылап, бір күліп, отырасыз. Көп эмоциялар бар. Көрермен жалықпайды. Мен ойлаймын керісінше жақсы көңіл-күймен шығады.

Қазір кинотеатрға келуші қауым таңдау барын айтады. Бірақ кейінгі кездері отандық фильмдерге сұраныс артып келеді. 

Меруерт Жарасбаева, қала тұрғыны:

- Қазіргі таңда үлкен кинотеатрға арналған кинолар көбейіп келеді. Ол бізді қуантады. Осыдан 5-6 жыл бұрын 90% шетелдік кинолар еді. 

Түрлі жанрды қамтитын шытырман оқиғаға толы туындыны көзі қарақты көрермен бір деммен тамашалады. Тұсаукесерге жиналған қауым түсірілім тобына ыстық ықыласын білдірді. «Алматы, я люблю тебя!» фильмі 7 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Асхат Қарақойшиев