Елімізде 8,5 млн азаматтың несиесі бар

Несиесін 90 күн төлей алмағандарға енді тұтынушы кредитін беруге тыйым салынуы мүмкін.

Мәжіліс депутаттары кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және борышкердердің құқықтарын қорғауға қатысты заң жобасын қарады. Қазір 8,5 миллион қазақстандықтың қаржы ұйымдарына берешегі бар. Ол 19 триллион теңгеге жеткен. 8,2 миллион борышкердің «кепілсіз тұтынушылық кредит» бойынша қарызы бар. Сондай-ақ бір жарым миллионнан астам азаматтың 90 күннен артық мерзімі өткен проблемалық несиелері бар болып шықты.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Проблемалық қарыздары бар азаматтардың қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан жағдайда оларға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салу жөнінде норма енгізіледі. Бұдан басқа, банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық қолданыстағы өтелмеген тұтынушылық кредиттер бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң сыйақы есептеуге тыйым салынады.