Екібастұзда балалар шығармашылығы орталығы ашылады

Президент тапсырмасы бойынша Екібастұзда Балалар шығармашылығы орталығы ашылады.

Бүгін Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Олжас Бектенов нысанның құрылыс барысымен танысты. Ғимараттың жалпы ауданы 7,2 мың шаршы метр. Жоба демеушілер есебінен салынып жатыр. Оның жалпы құны 5,8 млрд теңге. Балалар шығармашылығы сарайы ең жоғары технологиялық құралдармен жабдықталатын болады. Мұнда ғарыштық радио-байланыс клубы, робототехника үйірмесі, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг аймақ, дыбыс жазу студиялары ашылады деп көзделген. Заманауи нысанды осы күзде балалардың игілігіне беру жоспарланып отыр. Құрылыс барысымен жіті танысқан Үкімет басшысы жұмысты уақытты, әрі тиянақты аяқтауды тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан объект. Сондықтан сапасы да өте жоғары болуы қажет. Демеушілердің есебінен салынып жатыр. Сондықтан барлығы бақылауда болуы керек. Менің жеке бақылауымда болады. Өйткені Президенттің өзі айтқан. Мына өте жақсы, Екібастұздық балаларға арналған шығармашылық орталығы болсын деп. Сондықтан бақылауда ұстаңыздар.