Алматы облысының тұрғыны 9 қыз тәрбиелеп өсірген

Алматы облысының Балқаш ауданында 9 қыз тәрбиелеп өсірген полиция қызметкері тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы қызметін атқаратын майор шеніндегі жігіт ағасының үлкен қызы 9-сыныпта оқыса, ең кішісі 4 айлық. Зайыбы екеуі оныншы перзентін күтіп жүр. Арманы – өзінің ізін жалғап, шаңыраққа ие болып қалатын атұстар сүю.

Бірден айта кетейік, Азамат Абрдахманов – біздің бұрынғы әріптесіміз. Ол 2000 жылдардың орта шенінде Алматы қаласындағы республикалық телеарналардың бірінде бейнеинженер қызметін атқарған. 2008 жылы телевизия саласынан құқық қорғау органдарына ауысты. Зайыбы Жазира Маңғытайқызы екеуінің отау құрғанына биыл 17 жыл болды. Ақнұр, Гүлнұр, Кәусар, Жасмин, Айару, Томирис, Адина, Медина, Даяна есімді қыздары қыр гүліндей жайқалып өсіп келеді. Азамат 8 наурыз күні ешқайсысын бөліп-жармай, бәріне сыйлық әзірлейді. 

Жазира Малғаждарова, Азаматтың зайыбы:

- 10 сыйлық алу оңай ма?! 10 сыйлық алып береді бәрімізге, ешкімді бөлмейді. Қыздарының бәрін бірдей жақсы көреді. Бірдей бәріне мейірімділікпен қарайды.

Азамат Абдрахманов, Балқаш аудандық жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы:

- Әрине, бақыттымын. 9 қыздың әкесі болу – бақыт. Енді алға қойған мақсатымыз бар, ұл болса екен деймін, ұрпақ керек. Қыз деген негізі, көбі айтушы еді, көзіміз жетіп отыр, жақсы екен. Келсем, киім шешкенге таласады бәрі. «Мен шешейінші, мен шешейінші» деп. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен, Қазақстан халқы әйелдерінің бәрін құттықтаймыз!

Азаматтың әкесі Асқар Абдрахманов ағамыздың жасы 70-ке таяп қалды. Екі ұл, бір қызынан бүгінде 17 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.

Асқар Абдрахманов, Азаматтың әкесі:

- Келінім Жазира екеуінің отбасын құрғандарына 17 жыл болды. Енді сол 17 жылдың ішінде үлкен қуанышқа бөлеп, бізге осындай 9 немере сүйгізіп, бізді осындай байлыққа келтіріп отыр. Осы байлығымызды Алла Тағала артық көрмесін. Осылардың алдында әрқашан да жарқырап күн шығып, дендері сау боп, өмірлері жақсы боп, өсіп-өне берсін!

Азамат Асқарұлы Алматыда 10 жылдай тәжірибе жинап, 2014 жылы өзінің туып өскен ауылы Бақанасқа ауысты. Аудан халқы оны жақсы таниды. Майор шеніндегі полиция қызметкерін әріптестері де мақтан тұтады. «Қызметтесіміздің абырой биігінен құлап көрген кезі жоқ», – дейді олар.

Айдар Омаров, Балқаш аудандық полиция бөлімінің бастығы:

- Жеке қасиеті бойынша айтатын болсақ, жұмысына тиянақты. Үйіне үлгілі әке. 9 қыздың әкесі бола тұра, жұмыс өміріне белсенді қатысып, қылмысты жеке ізімен анықтау барысына әрдайым атсалысып отырады. Өзінің қол астындағы учаскелік инспекторлармен аумақтарын аралауға уақытын аямайды.

Азамат пен Жазира бүгінде оныншы перзентін күтіп жүр. Екеуі де ұл болады деген үмітте. «Осы күнгі жастар дәрігерге көрініп, балаларының жынысын алдын ала біліп алуға құмар. Алланың бергеніне күпірлік қылу – бізге жат қылық. Түсіне білген жанға қыз – кең өріс. Сондықтан еліміздегі аналар мен қыз-келіншектерді 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз!», – дейді олар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов.