Жауынгерлерге арналған психологтың мобильді сөмкесі

Оңтүстік өңірлік қолбасшылығының офицері Ақмарал Төлеутаева психологтың мобильді сөмкесін ойлап тапты.

Ол патенттелген туындысын өз жұмысында пайдаланып жүр. Оқу жаттығуларға шығып, қажет болған жағдайда жауынгерлерге психологиялық көмек көрсетеді. Айта кетерлігі, Ақмарал еліміздегі әскери академиялық білім алған 3 әйел жауынгердің бірі.

Ақмарал Төлеутаева 18 жылдан бері әскери психолог болып қызмет етіп келеді. «Адамдарға бала кезден көмектесуді қалайтынмын, сондықтан осы мамандықты таңдадым», - дейді психолог. Ол жауынгерлерге жедел көмек беру үшін психологтың мобильді сөмкесін ойлап тапқан. Арнайы жабдықталған қолсөмкеде түрлі дәрі-дәрмекпен қатар рубик-кубик сынды 30-ға жуық зат бар. Әскеридің бұл туындысын келер жылдан бастап еліміздің Қарулы күштерінде жаппай қолданбақ.

Ақмарал Төлеутаева, әскери психолог:

- Әскери техника мен қару жарақтың дауысы, басқа аймақтан келген жауынгерге тіпті климаттың өзгеруі де кері әсерін беруі мүмкін. Әскер қатарына жаңа алынған жауынгер автоматтан нысанға тигізе алмаса да психологиялық соққы болады. Міне сондай кездерде әскери психологтар дұрыс кеңес беруі керек. Мен өз мобильді сөмкемді осындай сәттерде пайдаланам. Арыстағы жарылыс кезінде де қолдандым. Тұрғындар мен әскери қызметкерлерді сабырға шақыруда мол көмегін берді.

Жауынгерлер әскердегі психолог мамандарды аса құрметтейді. Себебі жақынынан жырақта, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген өрендер бар сырын сол маманға ақтарады.

Жалғас Қаржаубай, жауынгер:

- Біздің частьта осындай психолог мамандар бар екеніне қуаныштымын. Біз олармен көртеген жұмыстар жасадық. Психологиялық тренингтер өткізеді. Әр жексенбі сайын біздің көңіл күйімізді көтеру үшін частьқа келіп неше түрлі ойындар ойнатады. Біз оларға өзіміздің мұң-мұқтаждарымызды айта аламыз. Көңіл күйіміз түсіңкі болса, көмек сұрай аламыз.

Ораз Күшіков, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары:

- Оңтүстік өңірлік қолбасшылығында ер азаматтармен қатар  нәзік жандылар да жемісті еңбек етіп жүр. Олардың қатарында кеңседегі қызметкерлермен қоса психолог-офицерлер, медицина қызметкерлері де бар. Барлығын мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.

Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында 7,5 мыңнан астам қыз-келіншек бар. Бүгінде олар өздеріне жүктелген қиын да күрделі міндетті абыроймен атқарып жүр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә