Иппотерапия. Заңгердің сүйікті кәсібі

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту - уақыт талабы. 

Қазір Астананың өзінде 70-тен астам әлеуметтік кәсіпкер бар. Мәселен Әмина Есина, қаржы саласынан кетіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесіп жүр.

Астаналық Әмина Есинаның жасы қырықта. 15 жыл өмірін қаржы саласына арнаған ол, өмірін күрт өзгертіп, екі жыл бұрын иппотерапия саласына келген. «Мүмкіндігі шектеулі балаларға жылқымен емдеу арқылы көмектескім келеді»,- дейді.

Әмина Есина, иппотерапия нұсқаушысы:

- Бұрын үлкен үй мен жылқыларым болса деп армандайтынмын. Кейін өмірдің тым қысқа екенін түсіндім. Сондықтан оны өзгертіп, сүйікті ісіммен айланысуға бел будым. Иппотерапия бойынша қаражат жағына келсек, әрине, бұл салада пайда табу тиімсіз. Бір ғана жылқымен кәсіпкер боламын деп ойлау дұрыс емес. Себебі салада кірістен бұрын шығыс көп. Қазір хоббиімді кішігірім табыс көзіне айналдырдым деуге болады.

Дертке дауа табудың бірден бір жолы – атпен серуендеу. Иппотерапия деп аталатын емнің бұл түрі аутизм, даун, церебралды сал секілді ауруларға қолданылады. Мәселен Әмина жұмыс істейтін кешенде түрлі диагнозы бар отызға жуық бала ай сайын тегін ем-курсын алады. Әр балаға қатысты жеке емдеу жоспары бекітіледі.

Әмина Есина, иппотерапия нұсқаушысы:

- Маған Мирон есімді ұл келеді. Ол жылқымен серуендегенді жақсы көреді. Мұндай асыл жануармен емдеу әдісі өз нәтижесін берері сөзсіз. Себебі оған балаларды отырғызып қана қоймай, оның үстінде арнайы жаттығулар жасаймыз.

«Расында иппотерапияның нәтижесі бар», - дейді қала тұрғыны Бақыт Рахматтулина. Ол 12 жастағы немересін осы тәсілмен емдеп жүргеніне 6 ай болыпты. Бұрын дене тепе-теңдігін ұстай алмайған қыз, қазір ер-тұрманның үстінде емін-еркін отырады екен.

Бақыт Рахматтулина, қала тұрғыны:

- Жылқының пайдасы көп. Немерем аяғын көтере алмайтын. Ал қазір кедергісіз қимылдап, денесінің тепе-теңдігін ұстай алады. Инструкторға алғысымыз шексіз.

Биыл иппотерапевт Әмина әріптестерімен бірігіп, мамандандырылған жазғы лагерь құруды жоспарлап отыр. Ерекше балалардың табиғат аясында иппотерапияның толық курсын алуы үшін 10 күндік тур ұйымдастыруға ниетті.

Әмина Есина, иппотерапия нұсқаушысы:

- 10 күндік турда балаларға ипповенция әдісі қолданылады. Ол табиғат аясында атпен серуендеуді ғана емес, оның күтіміне атсалысу және тамақтандыру арқылы жылқымен толық байланыс орнатуды көздейді. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларға оң әсерін тигізері анық.

Алдағы уақытта Әмина Есина осы сала мамандарын даярлауды қолға алмақ. Ол үшін әлеуметтік кәсіпкерлікке арналған арнайы бағдарламаларға қатысуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мұрат Әріпханов