Семейдегі арнайы жасақ қызметіндегі ару

Семейдегі арнайы жасақ қызметінде арулар да жұмыс істейді.

Әнел Тәкиева ерлерден қалыспай екі жылдан бері қызмет етіп жүр. Спортты жастайынан жанына серік еткен бойжеткен бұл мамандықты бекер таңдамағанын айтады.

Арнайы жасақ қызметінде ерлермен қатар еңбек етіп жүрген арудың бірі - Әнел Тәкиева. Ол 6 жасынан бастап каратэмен шұғылданған. Кикбокстан ел чемпионатының екі мәрте жүлдегері.

Әнел Тәкиева, арнайы жасақ инспекторы:

- Спорт менің өміріммен бірге қатар жүрген. Сол себепті спортқа жақын осы служба. Бізде распорядок бойынша күнде жаттығу. Тактикалық жұмыстар. Спортқа кім жақын, сол осы мамандықты таңдайды негізі. Сол себепті мен кішкентай кезімнен спортпен айналысқанымнан осы мамандықты таңдадым.   

Мұндағы қыз-жігіттердің көп уақыты жаттығумен өтеді. Аптасына бес мәрте спорт залында тер төгеді.

Саят Смағұлов, взвод командирі:

- Бізде бес-алты қыз жұмысын жасайды. Бір психолог, бес инспектор қыздар істейді. Жауынгерлер. Олардың бәрі спорт шебері скл Ол қыз болғанымен инспектор болып істегеннен кейін қыз-ұл деп бөлінбейді. Ол бізбен бірге қандай жағдайлар болса, террористік жағдайлар, неше түрлі ұстаулар болса Анель бізбен бірге арқа тіресіп, өзін тек жақсы жағынан ғана көрсеткен. Спорт жағынан да, жұмыс жағынан да, тәрбие жағынан да жақсы.

Әнел Тәкиева, арнайы жасақ инспекторы:

- Физио бізде ұлдармен бірге. Нормативтері бәрі, қыздармен, ұлдармен ешқандай айырмашылық жоқ. Ешқандай бізге скидка жасамайды. Бізде бәрі тең ұлдармен.

23 жастағы бойжеткен мұнда 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Әріптес жігіттер оған «қыз бала ғой» деп қай кезде де құрмет көрсетеді. Ара-тұра жұмысқа кешігіп келсе де, кемшілікпен емес, кеңшілікпен қарайды.

Арнайы жасақтың қыздар взводы 2019 жылы Ішкі істер министрінің бұйрығымен жасақталған. Бүгінде облыстың арнайы жасақ қызметінде 200-ге жуық жігіт бар. Солармен бірге иық тіресіп, 5 ару еңбек етеді.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов