Атырау облысында 12 «Жайлы мектеп» салынады

Атырау облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 білім ошағы салынып жатыр.

Мектептер қала іргесіндегі елдімекендер мен шалғай аудандарда бой көтереді. Жоба аясында биыл тағы 3 мектептің құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. Қазір өңірдегі 10 мектепте 21 мыңға жуық оқушы үш ауысыммен оқып жүр.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошағының бірі – Ақсай-2 ықшам ауданында. Қазір мұндағы 430 бала Ақсай және Көктем орта мектерінде оқып жүр. Жыл сайын өсіп келе жатқан ықшам ауданға мектеп ауадай қажет. Қазір заманауи талаптарға сай салынып жатқан білім ошағы 900 балаға арналған. Мұнда оқушылардың алысқа сабылмай-ақ сапалы білім алуына барлық жағдай жасалады.

Арман Жайықбаев, қала тұрғыны:

- Ақсайға мектептің қажет екенін елдің бәрі біледі. Осында тұрғылықты бұрыннанкеле жатқандар, көшіп келіп жатқандар бар. Баласын қалаға сүйреп әлек әркім. Ақсайдың ең үлкен мәселесі – мектеп пен балабақша. Әлеуметтік мәселе.

Қазір өңірде 140 мыңдай оқушы бар. Облыстағы 200-ден аса білім ошағының онында балалар үш ауысыммен оқып жүр. 7 мыңнан аса балаға орын жетпейді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынған 9 мектептің құрылысы биыл аяқталса, мәселе оңтайланады. Қосымша тағы 3 мектеп салынады, деп жоспарланып отыр.

Талғат Бисен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір барлық 9 мектептің құрылыс қарқыны күшейді. Облыс әкімі тапсырма берді алдағы оқу жылына бәрін аяқтап, пайдалануға беруге. 3 мектептің құрылысы бойынша қазір жобалары жасақталып жатыр. Жобалар асақталғаннан кейін басталады. 300 орындық мектептердің жобалық құны 4 млрд, 600 орындықтардікі 6-7 млрд теңге, 900 орындықтар 7 млрд.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы 12 білім ошағы пайдалануға берілсе, 24 мың бала жаңа мектепке көшеді. Бұл өңірдегі үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге мол мүмкіндік береді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин