Елде 8 қоқыс өңдеу зауыты жаңғыртылады

Елде алдағы уақытта 37 қоқыс өңдеу зауыты салынады.

Жұмыс істеп тұрған 8-і заманға сай жаңғыртылады. Сонымен қатар өңірлерде 19 қалдық сұрыптау желісі пайда болады. Бұл жобалар іске асса, жылына 3 млн тонна тұрмыстық қалдықты сұрыптаудан өткізіп, 1 жарым млн тонна қоқысты қайта өңдеп, пайдалы шикізатқа айналдыруға мүмкіндік туады. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев осындай жоспар пысықталғанын баяндады.

Рухани Асқар, тілші:

- Әкімдіктердің мәліметінше былтыр елімізде 4,1 млн тонна коммуналдық қалдық жиналса,  соның тек 1 млн тоннасы сұрыпталып, қайта өңделген.  Яғни қалдықтардың 24%-і ғана қайта кәдеге жарап жатыр. Шыны, пластик, макулатура секілді  қалдықтардың негізгі түрін қайта өңдеу деңгейі төмен болып отыр. Сапалы шикізат алу үшін алдымен, қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операциялар: жинау, тасымалдау және сұрыптау мәселелерін ретке келтіру қажет. 

Экология министрлігінің алға қойған жоспары ауқымды. Бас-аяғы 94 жоба іріктеліп алынған. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бағытына жалпы сомасы 232,2 млрд теңге қаржы құю көзделіп отыр. Оның 20%-і отандық жеке инвесторлар тарапынан болады.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресустар министрі:

- Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтардың ағымдағы жағдайын талдауға және проблемаларды жүйелі түрде шешу тұрғысынан жобалардың тиімділігіне баса назар аударылды. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылатын болады. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-тік сыйақы мөлшерлемесін қарастырады.

Ғарыштан бақылау арқылы заңсыз қоқыс полигондарын анықтау жалғасады. Былтыр 39 ірі елді мекенде 5 жарым мыңнан астам рұқсатсыз үйінді анықталған. Премьер-Министр соның ішінде ауылдардағы қоқыс жинау мәселесі өзекті екенін айтты.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитарлық, экологиялық нормаларға сай келмейді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинау мен оны буып-түйіп шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз.

Ия Үкімет басшысы атап өткендей, тау-тау боп үйілген қоқыс тіпті ірі қалалардағы тұрғын үй аулаларынан табылады. Оған бір себеп – контейнер мен қоқыс таситын көлік тапшылығы. Бүгінде өңірлерге 60 мың дана қоқыс салғыш пен 900 арнайы техника қажет.

Авторлары: Рухани Асқар, Арман Ақшабаев