Елде папиллома вирусына қарсы екпе егу басталады

Биыл қыркүйек айынан бастап 11 жастағы қыздарға «адам папилломасы вирусына» қарсы вакцина егіледі.

Екпені ата-ананың рұқсатымен, тұрғылықты мекенжайы бойынша тегін алуға болады. Бүгін Астанада медицина қызметкерлеріне арналған семинар-тренингте әйел адамдар арасындағы жатыр мойны обырының алдын алу шаралары талқыланды.

Адам папилломасы вирусы – жатыр мойны обырының дамуының негізгі факторы. Бүгінде ол дамушы елдердегі нәзік жандардың арасында жиі кездеседі. Республикамызда жыл сайын жатыр мойны обырымен 1900-ге жуық әйел тіркеледі. 600 әйел көз жұмады. Науқастардың көбі қатерлі ісік соңғы сатыға жеткенде ғана дәрігерге жүгінеді екен.

Толқын Садықова, ҚР ғылыми-зерттеу институтының онкогинекологы:

- Күнде 2 әйел осы жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмып жатыр. Күнде 5 жағдай анықталады. Адам папиллома вирусы қазір оның 14 түрі бар, осы қатерлі ісікті тудыратын. Жатыр мойны қатерлі ісігімен қатар басқа да шырышты қабаттардың, ісік, сүйелдерді, ауруларды туғызып жатыр.

Соңғы 10 жылда бұл дерт республикамыздағы 5 мыңға жуық әйелдің өмірін қиған. Мамандар бұған көп жағдайда жыныстық жолмен жұғатын осы вирус себеп. Ал оның алдын алу үшін вакцинациялау маңызды деп отыр. Жалпы адам папилломасы вирусына қарсы вакциналау 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Бұл тәжірибе әлемнің 135 елінде қолданылады.

Нұршай Әзімбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

- Вакцинациялауға ДДСҰ ұсынысы бойынша 9 жастан 14 жасқа дейін деп ұсынылған. Енді біздің мемлекетте консультативтк ұсынысы бойынша 11 жастағы қыз баллардың егу ұсынылған. Қазақстан Республикасында биыл басталғалы отыр күзде.

Елімізде жатыр мойны ісігі,, онкологиялық аурулар ішінде үшінші орында тұр. Аурудың алдын алу үшін жауапты ведомство америкалық вакцинаны сатып алуды жоспарлап отыр. Ол елге келген бойда 11 жастағы қыздар ата-аналарының рұқсатымен егіле бастайды. 

Қанат Суханбердиев, ДДСҰ иммунизациялау бағдарламасының үйлестірушісі:

- Қазақстанда екпе науқаны күзде басталады. Бірінші вакцинадан кейін, араға жарты жыл салып екінші вакцина салынады. Ол қауіпті ауру түрлерінен қорғауға мүмкіндік береді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Себебі бұл вакцина түрі 15 жылдан астам уақыт қолданылып келеді. Қазіргі таңда нәзік жандар оның 270 миллион дозасын қабылдады.

Әзірге 175 мың доза сатып алу жоспарланған. Вакциналау шара қыркүйекте басталады. Жалпы вакцинация арқылы вирустың алдын алу жұмыстары Өзбекстанда 2019 жылы, ал Қырғыстанда 2022 жылы енгізілді. Бізге кешеуілдеп келсе де, оның мақсаты – аты жаман аурудың алдын алу.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ербол Дайыров