Талдықорғандағы орманды алқаптың бір бөлігі жойылып кетуі мүмкін

Қала іргесіндегі 60 гектар жер жекенің меншігіне өтіп, оның 15 гектарына коттеджді қалашық салынғалы жатыр.

Белсенділер орманның оталуына қарсы шығып, дабыл қағуда.     

Қаратал өзенінің бойындағы қалың орман қаланың ауасын ластанудан қорғап тұр. Ондағы он бес гектардың 200 ден аса жер теліміне бөлінгенін белсенділер геопорталдан көрген. Ағаштар кесіліп, үй салынса  экологиялық ахуал нашарлайды, - дейді олар.

Сергей Тандеев, экобелсенді:

- Бұл ағаштар елу жыл бұрын егілген шығар. Жазда жайқалып өсіп тұрады.  Үй саламыз деп бәрін кесіп тастасақ ертең ұрпағымызға не қалдырамыз?

Атшаптырым аумақ кезінде орман шаруашылығына тиесілі болған. Кейіннен қаланың жер қорына қосылды. Жаз бойы құстарға пана болған тоғайдың бір бөлігіне жойылып кету қаупі төніп тұр.

Қайрат Әбдрахман, белсенді:

- Талдықорған ғой. Қаланың өз атына сай болу үшін талды сақтау керек. Біз егер қазір мынаның бәрін кесіп тастасақ, талсыз қорған болып қаламыз деп ойлаймын.

Белсенділердің наразылығынан соң, мәселенің мән-жайын қалалық әкімдіктегілер зерделеуге кірісті. Шахар басшысы Ернат Бәзілдің айтуынша аталған аумақ 2006 жылы жекеге өткен. Жердің 45 гектары саябақ пен  сауықтыру кешенін салуға тағы 15 гектары коттеджді қалашық құрылысына беріліп, небәрі 8 млн теңгеге сатылған. Аталған істің заңдылығына қатысты тексеріс басталды.    

Ернат Бәзіл, қала әкімі:

- Біз комитетке хат жолдадық. Ертең, ертеңнің арғы күні прокуратурадан регистрация жасаса оны 25-28 күн ішінде бізге шешімін айтады. Ол жерге біз бәрібір ештеңе салғызбаймыз. Заңсыз болса алып аламыз. Үкіметке. Заңды болса оларға басқа жерді беруге тырысамыз. 

Қоғам белсенділері орманды алқапты сақтап қалу керек. Ол үшін күш біріктіріп, күресуге дайынбыз деп отыр.  

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов