Алматыда заңсыз тұрғын үй кешені сүріліп жатыр

Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, «Мечта» тұрғын үй кешенін салу барысында бірқатар заңбұзушылықтарға жол берілген.

Нақтырақ айтсақ, рұқсат құжаттары болмаған және бекітілген жобадан ауытқыған. Сонымен қатар жер телімін пайдалану мақсаты сақталмаған. Мұнда тек жеке тұрғын үй салуға рұқсат бар. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары 2022 жылы басталған. Былтыр шілдеде Алматы қалалық соты нысанды бұзуға шешім шығарады. Ал биыл Жоғарғы сот Алматы қалалық сотының нысанды бұзу туралы қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Алдағы уақытта Алатаудың бөктеріндегі өзге де заңсыз ғимараттар сүріледі.

Дәурен Тұрысбеков, қала құрылысын бақылау басқармасының бөлім басшысы:

- Біз тау бөктерінен 54 заңсыз нысанды анықтадық. Олардың көбі құрылыс нормаларын сақтамаған немесе рұқсатсыз тұрғызылған. Ол ғимараттар жіті тексеріліп, бірқатары бойынша сот шешімі бар. Яғни бұрыңғы қалпына келтіру немесе бұзу туралы шешім шығарылған.