ШҚО-дағы 6 ауданда тасқын қаупі жоғары

Өскеменде Аблакетка өзені арнасынан асып, 20 шақты саяжайдың ауласына су жайылды.

«Қазір өзенде мұз жару жұмысы жүргізіліп, су деңгейі едәуір түсті»,- дейді мамандар. Дегенмен облыс аумағындағы Алтай, Қатонқарағай, Күршім, Марқакөл, Глубокое аудандары мен Риддерді қар суы басу қаупі жоғары. Өйткені ол жақта қар қалың. Тасқынның алдын алу  жұмыстарына көмектесу үшін көршілес Абай облысынан  бір топ сарбаз да келді. Төтенше жағдайлар департаменті өлкеде жағдай тұрақты деп отыр. Бірақ, су кірген елді мекендер бар. Мәселен Айыртау, Герасимовка ауылының тұрғындары ауласын басқан сумен алысып жатыр.

Ұлан ауданы, Айыртау ауылындағы бірнеше үй тұрғыны осылай амалдап отыр. Еріген қар суы аула мен қора қопсыны басып қалған. Жанас Ескендірұлы да неше күннен бері ұйқы көрмей, қарғын сумен алысыпты. Әкімдік көмек жібергенмен, одан да түк шықпаған.

Жанас Ескендірұлы, Айыртау ауылының тұрғыны:

- Астына су кіріп ары қарай кетті, полдың  үстіне су көтерілді деп айтпаймын, бірақ астына қарай су кетті, фуднамент отырды, енді білмейміз мынау жарамсыз болып қалды.

Тұрғындардың айтуынша, соңғы рет жол жөнделген кезде, оның бойына құбыр төселмеген. Салдарынан еріген қар жоғарғы жақтағы жалғыз суағарға сыймай, жан-жағына жайылып жатыр.

Бұл Өскеменнің шетіндегі «Шығыс» ықшам ауданы. Оқушылар мектеп алдындағы суды кешіп өтуге мәжбүр. Кейбірі бір-бірін арқалап өткізеді. «Көктем сайын көретініміз осы», - дейді мұндағы жұрт. Қаланың шеті тұрмақ, орталығы да қарық болып жатқан жоқ. Көшелер көлкіп қалды. Әкімдіктің есебінше, қарғын судың бетін қайтару үшін шаһарда бірнеше бригада жұмыс істеп жатыр. Алайда жағдай мәз емес.

Блиц:

1.Ешқандай өзгеріс көріп жатқан жоқпын. Қиын боп кетті. Шыны керек, аяқтың бәрі батпақ су болып, ары-бері жүріс-тұрыс қиын болып жатыр.

2.Қазір адамдар даже жүруге жүре алмайды ғой. Енді үлкен кісілерге тем более батпақ. Тайғақ. Қазір судың асты тайғақ,мұз мен кеше кішкене баламен шықтым. Жүруге невозможно.

3.Бүкіл аяқ киім су болады, үстің кір болады. Бұл не деген сұмдық,талап етем, жақсы жұмыстар жүргізілуін.

Төтенше жағдайлар департаменті «тасқынға тас-түйін әзір отырмыз»,- дейді. 60-тан аса қайық пен 200 ден аса сусорғы дайын тұр. Абай облысынан сарбаздар көмекке келген. Олар омбы қар астындағы Күршім, Алтай аудандарына жіберілді. Сол жақта қарды аршып, каналдағы мұзды ойып жатыр. Бүгінге дейін 4 су өткелі мен 300 метрден астам арықты тазартыпты.

Дина Бексұлтанова ШҚО ТЖ басқарма бастығының орынбасары м.а:

- Ол әскери бөлім жолданды,олар қосымша көмек түрінде жолданады. Ал негізінен біздің облыста күштері мен құралдар жұмылдырылған, яғни 2 мыңнан астам жеке құрам бар,700 ден астам техника дайын тұр.

Шемонайхада мұз көбесін сөгу жұмыстары аяқталды. Енді Алтай ауданында жалғасады. Жалпы аймақта тасқынға тосқын болатын іс-шаралар үшін 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов