Қызылордада өзге этнос өкілдері ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті

Қызылордада өзге этнос өкілдері ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті

Садақ ату, асық ойнау және арқан тарту жарысына отызға жуық жас қатысты.

17 жастағы Вероника Русланова екі жылдан бері садақ атудың қыр-сырын үйреніп жүр. Бұған дейін бірнеше аймақтық жарысқа қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Бұл жолғы сайыста да мергендігін дәлелдеді.

Вероника Русланова, студент:

- Негізі бұраннан бері атып жүрген адаммын. Өте қызықты. Бұрын бұдан да көп ұпай жинағанмын. Мен үшін ол орташа. Жастар рухына жарысқа апарған еді. Ол жақтан біз екінші орын алып келгенбіз.

Елімізде екі жыл бұрын «Дәстүрлі садақ ату» ресми спорт түрі болып тіркелді. Содан бері Сыр өңірінде де құралайды көзге атқан мергендер қатары көбейді. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған шараға өзге этностың отыздан астам өкілі қатысты. Олар 10,15 және 25 метр қашықтықтан нысана көздеді. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Сабырлық, өткір көз және білек күші. Нағыз мергенде осындай үш қасиет болу керек. Этнос жастары да нысана көздеуден осал емес екенін байқатты. Олардың арасында тіпті тоғыздықты дәл көздегендері де бар.

Жастар асық ойнау және арқан тартудан да өзара мықтыны анықтады. «Наурыз мерекесіне арналған тағылымды шаралар мұнымен бітпейді»,-дейді ұйымдастырушылар.

Айбек Дайрабай, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары:

- Наурыз мерекесінің қарсаңында «Наурыз қоржыны» деген ассамблеяның арнайы қайырымдылық акциясы басталады. Одан бөлек «Шаңырақ» атты үлгілі отбасыларды дәріптеу мақсатында конкурстар ұйымдастырылады. Салт-дәстүрді, мәдениетті дәріптеу мақсатында тұсау кесу, бата беру дәстүрлерін жүзеге асыратын боламыз.

Жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша марапатталды. Айта кетейік, өңірде он күн бойы Наурыз мерекесіне арналған 700-ге жуық мәдени шара өткузу жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев