Ұлттық киімді елорда жастары да дәріптейді

Бүгін бас қалада арнайы челлендж бастау алды.

Оған жастар саясаты мәселелері басқармасы мен оннан аса жастар ұйымы мұрындық болған.

"Наурызнаманың" онкүндігі аясында Елордада Ұлттық киім ұлықталып жатыр. Жастар саясаты мәселелері басқармасы қаладағы жастар ұйымдарымен бірлесіп, арнайы челлендж бастады. Олар сәні мен салтанаты жарасқан киімдерді киіп, оның тарихи мәнін көпшілікке паш етті. Осылайша ертеңін ұмытпаған ұлттың болашағы да жарқын екенін айқындады.

Бақдәулет Жанділдаев, Қазақстан жастары конгресінің жетекшісі:

- Шапан қазақтың ежелгі әрі кәделі ұлттық киімі. Шапанды қалың матадан қазақтың ою-өрнегін салып, астарлап сырып тігеді. Шапанды қазақта ерлер де, әйелдер де, балалар да киеді. 

Ою-өрнекпен безендірілген киім ғана емес, қазақ халқын түрі мен тағылымы келіскен зергерлік бұйымдар да өзгелерден ерекшелейді.

Аружан Бахитова, Қазақстан студенттері Альянсының атқарушы директоры:

- Шолпы қыздардың бұрымға тағатын бұйымы. Шолпы жас қыздың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған. Шаштың тез өсуіне де шолпы себеп болған.

Қазақтың ұлттық киімі мен әшекей бұйымдарында төл мәдениетіміз бен тарихымыз, салт дәстүріміздің көрініс табуы бекер емес. Бұл бабаларымыздың ұлттық болмысымызды ұрпақтан ұрпаққа  жеткізуге деген талпынысы. Жастар да мұны жақсы біледі.

Авторы: Мерей Мұратханқызы