«Ұлыстың ұлы күні» атты телемарафон өтті

Бүгін «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Ұлыстың ұлы күні» атты Наурыз телемарафонын өткізді, деп хабарлайды 24KZ.

Шарада төл мәдениетіміз ұлықталған арнайы этноаумақ құрылды. Дискуссия алаңында өзекті мәселелер талқыланды. Жиналғандар ұлттық ойындардан ептілер мен мықтыларды анықтады.

Жаңару мен жаңғыру. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Ұлыстың ұлы күні» атты телемарафон өткізді. Ұйымдастырушылар: «ауыз бекіткен шақтағы мерекені бауырсақ, көже, қымыз-қымырансыз қалай атап өтеміз деп қиналмадық», – дейді.

Азамат Кеңесұлы, «Qazaqstan» РТРК басқарма төрайымының орынбасары:

- Биылғы телемарафонымыздың ерекшелігі, бұл Ораза айымен тұспа-тұс келіп отыр. Яғни, жаңағыдай дәстүрлі дастарқан жаю, ұлттық тағам деген сияқты болмайды. Сол себепті басқаша бір формада халыққа қызықты етіп, ең бастысы, өзіміздің ұлық мерекемізді әдемілеп жеткізу міндеті тұрды алдымызда.

Ұлттық тағам болмаса да, ұлттық танымның ойталқысы жиналған жұртты қуантты. Дискуссия алаңында түрлі сала өкілдері заманауи наурыз формуласын, ұлттық киім мен мәдени мұраны дәріптеудегі жетістіктерді ортаға салды. Жаңа заманның адамы қандай болуы керектігі жөнінде ой бөлісті. Тың идеялар айтып, пікір алмасу платформасының майын қыздырды.

Серікзат Дүйсенғазы, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты:

- Бұл күнді балалардың мерекесіне айналдырса, менің өзімнің ойым. Мысалы, ағылшындардың, орыстардың мерекелері бар ғой, осындай жаңа жыл мерекелері, ешқандай шекара жоқ. Дүкендерде балаларға ойыншықтар сатылып жатады. Тәттілер сатылып жатады. Оның бәрі әшекейлі керемет қораптарға салынып жатады. Телеарналарда соған байланысты фильмдер көрсетіліп жатады. Барлығы адамдар жаппай соны тойлап жатады. Бізге де осындай дүниелер керек.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттік қолдау шаралары болу керек бірінші кезекте. Одан кейін кәсіп бастауға түрлі гранттар бар ғой. Сол кезде өзіміздің шағын кәсіпкерлерге, тігін саласында, отандық өнім өндіретін азаматтарымызға басымдық берілуі керек грант берілетін кезде. Одан кейін отандық өнімді қолдау шаралары бойынша салық органдарынан да жеңілдік болу керек.

Төл өнеріміз де назардан тыс қалмады. От ауыз, орақ тілді айтыскерлер қайым айтыспен жұрт ықыласына бөленсе, этноаумақта ниет танытқандар асық атысты. Ән айтылды, ұмыт болған ұлттық аспаптардың үні естілді. Ұлттық қазынамыз құмай тазыны жетелеп келгендер де көпшілікті таңғалдырды.

Дархан Кеңес, тазы баптаушы:

- Негізі қазақтар тазыны бекерден бекер жеті қазынаға жатқызбаған ғой. Кезінде қазақтарда бір ауылды ашаршылық кезінде бір тазы асыраған, – дейді. Аңшы тазысын жанына алып, аңға шығып, бір тазымен асыраған кезі болған. Алдымыздағы тазылар: Сұңқар, Лашын. Ұрғашы мен арлан иті. Қоян, қарсақ, түлкі алып жүр.

Бекболат Нұрданбекұлы, зергер:

- Бұл енді қолдан жасалған дүниелер ғой. Ешқашанда қазақ бар жерде ол өлмейді деп ойлаймын. Барлық жерде сұраныс бар. Әне, апалар көріп жатыр қызығып. Бағасы қымбат, тастары табиғи. Жұмысының бәрі қолмен жасалған. Кішкене қалтаға ауырлау келеді. Бірақ 100-200 жыл тағатын заттар.

Телемарафонның тағы бір ерекшелігі, ісі мен ерлігі арқылы көзге түскен азаматтардың ұлықталуы болды. Бүгінгі күннің батырлары іс-шара аясында халыққа тағы бір табан жақындай түсті. Наурыз тойлаған ауылдағы ағайын телекөпір арқылы елордамен байланысты. Бір-бірлеріне ақ тілектерін айтып, арқа-жарқа болды.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Ернар Жақсыбаев.