ЕЭК Наурызды қарсы алды

Мәскеу қаласындағы Еуразиялық экономикалық комиссия ғимаратында Ұлыстың ұлы күні ұлықталды, деп хабарлайды 24KZ.

Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан мен Армения өкілдері Наурыз мейрамын киіз үй тігіп, дастарқан жайып қарсы алды.

Ырыс пен ынтымақтың жаршысына айналған әз-Наурыз биыл Еуразиялық экономикалық комиссияда алғаш рет тойланып отыр. Мерекеге орай ұйым ғимаратында киіз үй тігілді. Тұсау кесу сияқты халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері көрсетілді. Ал әншілеріміз халық әндерін әуелете орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Андрей Слепнев, ЕЭК Сауда жөніндегі министрі:

- ЕЭК Наурыз мейрамын алғаш рет атап өтіп жатыр. Бұл – көптеген халықтың мәдениетінде сақталған ежелден келе жатқан мереке. Біз ұйымымыздың ішінде бір-біріміздің мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге аса құрметпен қараймыз.

Мерекеге жиналған жұрт Наурыз көже ішіп, қазы-қарта, бауырсақ сияқты дәстүрлі тағамдардан дәм татты. Наурыздың көптеген ел үшін маңызы зор ортақ мәдени құндылық екенін атап өтіп, бір-бірін көктем мерекесімен құттықтады.

Мұрсал-Нәби Тұяқбаев, ЕЭК кызметкері:

- Қасымызда жүрген әріптестер Беларусьтан, Ресейден, Армениядан біле бермейді, шын мәнінде. Көбі бейхабар болуы мүмкін. Халықаралық мереке ретінде оны 2019 жылы ЮНЕСКО материалдық емес мұралар тізіміне кіргізгенін, одан кейін 2016 жылы БҰҰ оны халықаралық мереке ретінде бекіткенін көбі білмейді деп ойлаймын. Наурызнама елдің ынтымағына, бірлігіне, философиясын білуге, дәстүрлерін білуге керемет қолдау деп санаймын.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілген әз-Наурыз енді Еуразиялық экономикалық комиссияның төрінде де жылда тойланатын болды.  

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.