Қызылордалықтар Ұлыстың ұлы күнін атап өтті

Жауқазын жер. Жаңа күн. Ұлы Наурыз. Жаңа жылдың бастауы болған Ұлыстың ұлы күнін қызылордалықтар өзіндік сән-салтанатымен атап өтті.

Ұлық мерекеге орай өнер орталығы маңына 30 шақты ақ отау тігілді. Ақшаңқан үйлердің айналасы ән-жырмен көмкеріліп жарапазан айтылып, қыз бен жігіт айтысып қазанжаппай жабылды.

Ұлысқа мерей сыйлаған ұлық Наурызда ұлттық-этнографияның барлық көрінісі паш етілді. Жер бусанған сәтте шығатын дала гүлдерінің шеруі, қазақтың жыл қайыру сәті және барлық салт-сана тізбегі сомдалды. Ұлық мерекеге орай, орталық алаңға тігілген ақ отаулардың маңында мән-маңызы ерек тақырыптық көрмелер ұсынылды. Ежелден еңбектің шамын жаққан сырбойылықтар әз Наурыз мейрамына толайым табыстармен жетіп отыр. Сыр жұртын құттықтаған аймақ басшысы облыс көлемінде атқарылған жұмыстардың бір парасына тоқталып өтті.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Биылғы жылы өңір бюджеті 650 млрд тг бекітілді. Биыл 5 млрд теңгеге аймақта 12 елді мекен газға қосылып, жыл соңына дейін газбен қамту көрсеткіші 78% жетеді. Аймақта 5 млрд теңгеге 225 шақырым электр желісі және 50 қосалқы станция орнатылады. 30 млрд теңгеге ұзындығы 300 шақырымды құрайтын жол жөндеуден өтеді.

Ақ түйенің жарылған күні жілік майы толық жігіттер қой көтерісіп жарысты. Палуандар белдесіп, білегі мықтылар қол күрестіріп, арқан тартысты. Шуақ нұр – ару көктем тойын өнерпаздар көркемдеп, мерекенің шырайын асырды.

Блиц:

- Мереке өте керемет, адам көп. Барлығына наурыз көже таратылып жатыр. Халық риза.

- Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,

Жүрген жандар таныс тапса досындай.

Ол осы Наурыздың арқасы,

Ұлыс күннің шапағаты осындай.

Дәл осындай мерекелік шара облыс орталығының бес шағын ауданында да өтті. «Наурызнама» күнтізбесі бойынша енді сырбойылықтар ертең тазалық акциясына атсалысады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев