Оралда 80 отбасы баспаналы болды

Наурыз мейрамына орай Орал қаласының тұрғындары баспаналы болды.

Шаһарға қарасты Зашаған ауылында тоғыз қабатты үй қолданысқа берілді. Жаңа пәтер кілттері әлеуметтік аз қамтылған, мемлекет жәрдеміне мұқтаж 80 отбасыға табысталды.

Әзиза Мұрзиева Оралға Бумакөл ауылынан көшіп келген. Қызының мүгедектігі бар болғандықтан ауылдағы тұрмыс оңай соқпағанын айтады. Үй кезегіне тұрғанына 4 жыл өткен. Бүгін арманы орындалып, жайлы пәтердің кілті бұйырды.

Әзиза Мұрзиева, қала тұрғыны:

- Осындай қуаныш болып жатыр. Қуаныштымыз. Үй алып жатырмыз. Өзіміздің үйіміз болып жатыр. Өзіміздің шаңырағымыз. Қыздарым да қуанышты.

Қуанышқа кенелгендердің қатарында Қожамберлиевтер жанұясы да бар. Көпбалалы отбасы ұзақ жыл бойы пәтер жағалап жүрді. Енді мемлекеттік бағдарлама арқылы жеңілдетілген шарттармен 3 бөлмелі баспанаға қоныстанып отыр.

Рита Қожамберлиева, қала тұрғыны:

- 10 жылдай күттік. «Бақытты отбасы» бағдарламасымен алдық. Төрт баламыз бар. Қуаныштымыз.

Жаңа тоғыз қабатты үй Зашаған ауылында бой көтерді. 2 және 3 бөлмелі пәтерлерге Отбасы банктің 80 салымшысы ие болды.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Инфрақұрылымды дамытудың тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын кезекте тұрған отбасыларға пәтерлер сатып аламыз. Биыл 2024 жылға қосымша осындай 100 пәтер сатып алатын боламыз. Барлығын абаттандырып аяқтайтын боламыз. Сонымен қатар жолдың бойындағы салынып жатқан жаңа сквердің құрылысы биял аяқталып, осы ауданда тұратын қала тұрғындарының игілігіне беретін боламыз.

Облыс орталығында көпқабатты 14 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл 1400-ден аса пәтер қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Жалпы тұрғын үй кезегінде 20 мыңнан аса облысы тұрғыны тіркелген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Әлбина Құмарғалиева