Абай облысында қымыз баптайтындар көбейді

Әсіресе Абай ауданында шипалы сусынды жыл он екі ай дайындайтындар бар.

«Көктемгі сауынның жөні бөлек. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін шағында қымыз бойға қуат береді», – дейді тұрғындар. 

Қарауыл ауылының тұрғыны Елдос Нұрсейітов қысы-жазы бие сауады. Әсіресе жазда тыным жоқ. «Көктемде сауын азаяды. Алайда қымызға деген сұраныс артпаса кемімейді», – дейді ол.

Елдос Нұрсейітов, ауыл тұрғыны:

- Осы жерде жұмыс істегеніме 1,5 жыл болды. Қазір 9 бие сауып отырмыз. Күзде туған биелер – мынаның бәрі. 2,5 сағатта бір сауамыз. Алты сауын сауамыз. Енді жаздағы сүт сұйықтау болады біраз. Қыстағы сүт құнарлы болады, қою болады.

Құнарлы, қою қымызға сұраныс жоғары. Сәулет Әнуар мемлекеттік бағдарламамен 2 миллион теңгенің грантын жеңіп алып, цех ашты. Мұнда қымызды сапырып, бабына келтіретін арнайы құрылғы орнатылған. Заманауи күбі деуге де болады. Оны жас кәсіпкер өз қолымен жасап шығыпты.

Сәулет Әнуар, кәсіпкер:

- Ағаш күбіні дайындамай тұрып, ең бірінші қазақтар сапырып, қымызды дайындап отырған. Бұл әдіс былайша айтқанда ең алғашқы әдістің бірі болып табылады. Мұнда қазір өзі сапырып, барлық температурасын, барлық қышқылдығын, барлығын өзі қарап отыратын автоматты түрде дайындап береді өнімді.

Төлеубек Аманғазыұлы, ауыл тұрғыны:

- Қыстағы қымыз, көктемгі мынау мамыр айындағы қымыз, жазғы қымыз, күзгі қымыздың да өзі, жердің шөбіне байланысты, жылқының жеуіне байланысты. Қымыздың да әртүрлі қасиеттері болады, дәмі болады. Сондықтан да сол осы қасиеттердің барлығын сақтай отырып, қымызды өндіру, өзінің клиенттерін, сұранысқа ие халықты қамтамасыз ету де керек, әрине.

Ауданда соңғы жылдары жыл он екі ай бие сауатын тұрғындардың саны көбейіп келеді. Саржал ауылында қымыздың қоры ешқашан үзілген емес. Сары қымызымен даңқы шыққан елді мекенде Наурыз мейрамы қарсаңында Қымыз мұрындық өткізу дәстүрге айналған.

Нұргүл Құсайынқызы, Саржал ауылының тұрғыны:

- Қысы-жазы бие сауамыз. Бұл биені сауып болғаннан кейін қыста жабағы семіреді ғой. Сол жабағыны жазғытұрым соны сояды. Семіз жабағының етімен, уыз қымызбен бала-шағамызды, әулетімізді, осы ауылды сақтап, ауырмай-сырқамай, сондай күйге жеткізіп отырған ауылмыз. Біз сонымен өмір сүріп отырмыз. Біз радиациямен осы қымыз арқылы қатты күресеміз.

Абай ауданында бүгінде 62 мыңға тарта қылқұйрықты бар. Өңірдегі 541 шаруа қожалығының дені жылқы өсірумен айналысады. Ал Саржал ауылында жылына 1300-ден астам бие сауылады.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.