Қазақстан 3,5 млн шетелдік турист тартуды көздеп отыр

Қазақстан шет елдерден алдағы 3 жылда 3,5 млн-ға жуық турист тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Ал ішкі туристердің санын тіпті 8 млн-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Елде туризм қалай дамып келеді? Алдағы демалыс маусымынан не күтеміз, қандай жаңа туристік бағыттар ашылмақ?

Елге келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Шетелдіктер біздің тұмса табиғатты көруге құмартып келетіні белгілі. Қаланың қым-қуыт тірлігінен қашқан жандар алаңсыз демалғанды жөн көреді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтырғы  9 айда 900-мыңға жуық қонақ келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 225 мың адамға көп. Сонымен қатар туристер келетін мемлекеттер тізімі ұлғайып келеді. Іргедегі көршілерден бастап мұхит асып келетіндер де бар. Бұл орайда Ресей көш бастап тұр. Сондай-ақ алғашқы бестікке Қытай, Түркия, Үндістан мен АҚШ енеді. Мамандардың айтуынша, биыл да елге келетін қонақтардың қарасы қалың болмақ.

Шетелдік туристер саны (қаңтар-қыркүйек, 2023 ж.)

Ресей – 256 850

Қытай – 75 131

Түркия – 41 134

Үндістан – 34 757

АҚШ – 28 160

Софья Тастемірова, туристік компанияның өкілі:

- Жылдан жылға туристердің саны көбейіп жатыр. Оған көптеген фактор әсер етеді. Жылдан жылға жаңа инфрақұрылымдар пайда болып жатыр және де туристердің қызығушылығы көбейіп жатыр. Шетелдік туристер ішкі туризмде барынша дамып жатыр.

Шетелдіктер ауылдағы боямасыз тірлікті көруге құмар. Кәсіби тілде мұны  этнотуризм деп атайды. Еуропада ертеден дамыған бұл қызмет біздің елде енді қолға алынды. Қазіргі уақытта Маңғыстау мен оңтүстік аймақтағы қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарға турлар ұйымдастырылып келеді. Көрші алашапанды ағайындарымызға да көптеп қонақ келетіні белгілі. Сала мамандары Самарқандқа келгендердің біздің елге де соғып кету үшін жағдай жасап жатыр.

Әлішер Тұрсын, туризм компаниясының ресми өкілі:

- Дәл қазіргі уақытта Көшпенділер ойыны арқылы елге туристердің келуі артады деп күтіліп отыр. Одан кейін осы наурыз айының соңына дейін Түркістан мен Самарқандтың арасында тікелей әуре рейсін ашып, әсіресе Самарқандқа баратын шетелдік туристерді Түркістанға бағыттау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Қазақстан алдағы 3 жылда 3,5 млн-ға жуық турист тартуды көздеп отыр. Ал ішкі туристердің санын, тіпті 8 млн-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Салалық ведомство бұл мақсатта миллиардтаған қаражат жұмсамақ. Оларды еліміздің имиджін, цифровизацияны дамыту және жобалық кеңсені қаржыландыруға жұмсайды. Сонымен қатар халықаралық көрмелерге қатысуға, ішкі туризмге бағытталған шараларға, арнайы интернет-ресурсты жүргізуге де көңіл бөлінеді.

Авторлары: Әлішер Әли, Анэль Ермекбаева, Ислам Махамбет.