Жүрекке дем берген дәрігер

Қызылордалық кардиохирург жыл сайын 200 адамның жүрегіне ашық операция жасайды.

Берік Дәуітбаев бұл тәжірибені шетелдік мамандардан үйренген.

Берік Дәуітбаевтың медицина саласына келгеніне ширек ғасырдан асты. Білікті дәрігер осыдан 16 жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы аясында Мәскеудегі ғылыми кардиохирургия орталығында білімін жетілдірген. Содан бері жүрекке ашық операция жасаудың қыр-сырын жетік меңгеріпті.

Берік Дәуітбаев, кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Шетелден әріптестеріміз келіп сол оталарды жасайтын болған. Одан кейін өзіміз үйреніп, шүкір осы уақытқа дейін өзіміз жасап келе жатырмыз. Бірақ кардиохирургия ол күнделікті өзгерістер болады, жаңалықтар болады. Өзіміз сыртқа шығамыз, әріптестерді осы жергілікті жерге шақырып, мастеркластарды ұйымдастырып, білімді күнделікті жетілдіреміз.

Мұндай күрделі операция жыл сайын 200-дей адамға жасалады,-дейді дәрігер. Мемлекет басшысы ұлттық Құрылтайда жастардың шетелде білім алуының маңыздылығына тоқталғаны белгілі. Президент «Қазіргі жастар заманауи көшпенділіктің жақсы жақтарын игере білуі керек. Басқа аймақтарда, тіпті, шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал» деді. Берік Дәуітбаев та саладағы соңғы өзгерістерден қалыс қалмау үшін шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуды жалғастырып келеді. Өйткені бір ғана Қызылорда аймағында жыл сайын жүрек ауруына шалдыққан 3 жарым мыңдай адам кардиохирургия орталығының көмегіне жүгінеді.

Мұратбек Боранбаев, Қармақшы ауданының тұрғыны:

- Бірден айтты ғой тамыр пітеліп тұр деп. Екі тамыр пітеліп тұр екен, екеуін ашып, қазір жақсымын. Бұрынғыдай емес, көп жерден жақсы.

Баян Тоқсанбаева, қала тұрғыны:

- Біз ешқайда ол кісіні алып жүруге мүмкіндік жоқ деп айттым ғой. Соңғы сатыдағы кісі болғаннан кейін осы кісіге жүгіндік. Осы кісілерге үлкен сенім арттық. Шүкір сенімімізді ақтады ол кісілер.

Уақыт көшімен бірге медициналық технологиялар да жаңалана береді. Бұл салада ұзақ жылдар бойы тәжірибе жинағанмен, ізденістісті бір сәтке тоқтатпау керек. Өйткені адам саулығы – еліміздің ең басты құндылығы. Бұл - Беріктей білікті дәрігердің басты қағидасы.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев