Қостанай облысында тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлене бастады

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге материалдық көмек беріле бастады.

Бұл мақсатқа бюджеттен тыс басқа ресурс көздерінен қаржы бөлініп жатыр. Демеушілік көрсетіп, қайырымдылық жасап жатқандар көп. Екі күннің ішінде зардап шеккендерге 18 миллион тенге төленген. 183 адамға 100 мың тенгеден берілді. Материалдық көмекті алу үшін аудандық комиссияға өтініш беру қажет. Онда отбасы мүшелерінің санын, жеке есеп-шотын көрсету шарт.

Алма Жүсіпова, қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

- Өтемақы наурыздың 29-нан төлене бастады. Мысалы бір отбасыға бір миллион 900 мың берілді. Орташа есеппен әр отбасыға 500-600 мың тенгеден келіп отыр. Бұл қаржыны олар  бірінші кезекте тұрғын үй жалдауға, тұрмыстық қажеттіліктерін алуға пайдаланады.