Құсбегілерге қамқорлық қажет

Түркістан облысында құсбегілік өнерді барынша дамытып келе жатқан саятшы тұрады.

Төлеби ауданы Кеңесарық ауылының тумасы Жомарт Кеуенов республикалық сайыстарда олжа салып жүр.

Құсбегі бабадан қалған асыл өнерді дәріптеп қана қоймай, өзі де шәкірт тәрбиелейді. Түз тағысын қолға үйретіп, оны баптау мен жаратудың қиындығы мен қызығы жайында айтсақ.

Құсбегілік – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан киелі өнер. Кеуеновтер отбасы да ата дәстүрдің отын өшіріп алмай, жалғап келеді. Жомарттың айтуынша, 4 атасы құсбегілікпен айналысқан. Одан бұрынғы бабаларының да саятшылық құрғанына күмән келтірмейді. Құсбегінің ендігі арманы – атадан балаға мирас болған бекзада өнерді болашақ ұрпаққа жеткізу. Ол үшін қандай қиындыққа болса да төтеп беруге дайын. 

Жомарт Кеуенов, құсбегі:

- Қысымен баптап шығамыз. Қол боста осы төңірекке аңға саламыз. Өзінің аңшылық қабілетін жоғалтпау үшін, спорттық жарыстарға дайын болу үшін күнделікті ұшыру міндет деп санаймыз бұл құстарды. Атадан балаға берілген өнер ғой, соны кеңінен насихаттап, келесі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізу деген сияқты міндет бізде.

Саятшы 2007 жылдан бері облыстық ұлттық спорт мектебінде сабақ береді. Ұлттық дәстүрге қызығушылық танытқан жастарға құсбегілік өнердің қыр-сырын үйретеді. Бүгінге дейін жүзге жуық шәкірт тәрбиелепті. Ұлы Төлеумырза да 13 жасынан бері ата дәстүрді дәріптеп жүр. Қолындағы қаршығаны өткен күзде тор құрып, табиғаттан ұстап алғанын айтады.

Төлеумырза Жомартұлы:

- Бұлар енді денесіне қарай кептер, қырғауыл, қоянды да ала береді. Кекілік, шіл, өзінің шамасы жететін соларды ала береді. Кейде қолға келмей қоятын жағдайлар болады. Сол кезде жемін азырақ етіп береміз, қанын кетіріп жуып береміз етті. Ұша алмай қалған жағдайда қанымен береміз, жемін көптеу етіп, еті жоғарылау, аш болса, адамға бағынуға жақсы болады.

Жомарт Паңұлы қазір үйінде 2 бүркіт, 2 қаршыға, 2 ителгі ұстап отыр. Одан бөлек, тазылары тағы бар. Құсбегілердің арасында өтетін сайыстарға үзбей қатысып отырады. Өткен айда Өскемен қаласында өткен ел чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғаған бір шәкірті алтыннан алқа тақса, екіншісі қоланы қанжығасына байлады. Алайда ұлттық өнер ұлықталған жарысқа бару – құсбегілер үшін оңай болмағанын жеткізді.

Жомарт Кеуенов, құсбегі:

- Қасиетті құс дейді бүркітті. Бірақ қазіргі таңда сол қасиетті құстың қадірі қашып тұрған жағдайы бар. Теміржолмен тасымалдау өте қиындап кетті, пойызға отырғызбайтын болды. Өткен чемпионаттың алдында алған билеттерімізді қайта өткізуге мәжбүр болдық. Жеке көлік жалдадық, жеке бастың, спортшылардың қауіпсіздігі бар. Бұл қиын жағдай болып тұр енді.

Саятшы құсбегілерге бұндай қысым жалғаса беретін болса, алдағы уақытта жарыстарға бару мүмкін болмай қалатынын айтады. Сонымен қатар құстарға қажетті азық пен дәрумендерді де өз қаржысына сатып алатынын жеткізді. Құстар тәулігіне 6-7 келіге дейін ет жейді,-дейді.

Ірі сайыстарда ел намысын қорғап жүрген құстарды облыстық спорт басқармасы өз қорғауына алып, азығы мен күтіміне қаржы бөлдірсе, ол ұлттық өнерімізге жасалған үлкен қолдау болар еді,- дейді құсбегі.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Абуов, «24.KZ», Түркістан облысы.