«Дипломмен ауылға». Жас маманға жағдай жасау жалғаса береді

Жамбыл облысында 200-ден аса жас маман «Димломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасады.

Олардың басым бөлігі білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары.

Балжан Серғазы жастайынан педагог болуды армандаған. Мектеп бітірген соң жоғары оқу орнына түсіп, химия пәнінің мұғалімі атанды. 3 жылдан бері Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы мектеп-гимназияда жұмыс істейді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен келген ол, осында баспаналы болды. Жас маман мектептегі қоғамдық іс-шараларға белсене қатысады.

Балжан Серғазы, химия пәнінің мұғалімі:

- Жас педагогтарға жаңадан жұмысқа кіргенде ешқандай қаражат болмайды. Мемлекет тарапынан берілген үлкен қолдау деп білемін. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы менің жас отбасыма үлкен қуаныш сыйлады. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек бізді одан әрі шабыттандырады.

Ал Ұлпан Рысбектің әкесі мен екі әпкесі дәрігер. Сондықтан ақ халат киіп, әке жолын жалғауға бел буыпты. 7 жылдық оқудан соң, туған жерге келіп қызмет етуді құп көрген. Жарты жылдан бері еңбек етіп ысылған ол, қазір күніне 40 келушіні қабылдайды.

Ұлпан Рысбек, жалпы тәжірибелік дәрігер:

- Осы участок мен келген кезде жаңадан ашылған бірінші участок еді. Сол жерге дәрігер жетпейді деді. Содан мен келген күні бірден жұмысқа кірісіп кеттім. Ауылда өскен соң ауыл ұнайды. Себебі ауылдың адамдары да өзі жүздері жылы жақын болады ғой өзімізге. Ол тәжірибеміз үшін де адамдардың өзінің өмірлік тәжірибесі үшін де пайдасы зор деп ойлаймын.

Былтыр «Димломмен ауылға» бағдарламасымен аймақта 195 жас маман жұмысқа орналасты. Бүгінде олар білім беру, мәдениет пен спорт, мемлекеттік қызмет және ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүр. Жауапты басқарма мамандары оларға бөлінетін қаржы көлемі де жыл санап артып жатқанын айтып отыр.

Нұрбек Мыхаев, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:

- Тұрғын үй несиесі үшін былтырдан бері 1500АЕК бөлініп келсе, биылдан бастап ол көтерілді. Яғни қазір нарықтағы құрылыс тұрғын үй бағалары қымбаттады ғой. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерге 7 384 000 тг, аудан орталықтарындағы ауылдарға 9 230 000 тг болып тұр.

Биыл өңірде аталған бағдарлама аясында 220 маман жұмысқа орналаспақ. Олардың баспанасы мен бір реттік төлеміне республикалық бюджеттен 1 млрд 846 млн тг бөлініп отыр.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә, «24.KZ», Жамбыл облысы.