Су тасқыны. Алматылықтар көмек жинап жатыр

Алматылықтар су басқан өңірлердің тұрғындарына гуманитарлық көмек жинай бастады.

Қабылдау пункті таңертеңгі оннан түнгі онға дейін жұмыс істейді.

Су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына қажетті заттардың тізімі жасалған. Азық-түліктен өзге медициналық препараттар, санитарлық-гигиеналық заттар, балаларға қажетті жөргектер мен телефон қуаттау құрылғылары қажет екен.

Қабылдау пункті Ахмет Байтұрсынұлы көшесіндегі 22 үйде орналасқан. Мұнда 50-ге жуық волонтёр жұмылдырылып, келген заттарды қораптарға салып, тізімдеуге көмектесіп жатыр. Алғашқы көмекті сәрсенбі күні жөнелтілуі мүмкін.

Бағдат Анарбаева, Алматы қалалық еріктілер фронт-кеңсесінің жетекшісі:

- Кеше осы Орал қалаларынан, Ақтөбе қалаларынан қажетті заттар тізімін жазып берген болатын. Жалпы біз ол тізімді БАҚ-та және әлеуметтік желіде жариялаған едік. Ол жақта бірінші қажеттілікке киімдер, азық-түлік, одан бөлек көрпешелер сонымен қатар күректер, етіктер деген сияқты. Соның барлығын қазіргі таңда жинай бастадық. Тасымалдау жағын әзірге сөйлесіп жатырмыз.

Айдын Жексенбаев, Алматы облысының тұрғыны:

- Мұндай көмекті бірінші рет жасап тұрмын. Өзіміздің жанұяның атынан киімдер, керек-жарақтар өзім не керек деп ойладым, соларды алып келдім. Кішкене болсын қолымыздың ұшы тисін деп.