Талдықорғанда «есепшілер ісі» сотта қаралып жатыр

Талдықорғанда атышулы «есепшілер» ісіне қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгін қалалық білім бөлімінің және мектеп есепшілеріне айыптау актісі таныстырылды. 245 томнан тұратын істе 20 адам күдікті деп танылған. Оларға аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып тағылып отыр.

Айта кетейік, елді елең еткізген оқиға өткен жылы болған еді. Қалалық білім бөлімінің бас есепшісі Панфилов ауданында ұсталып, оның көлігінен 1 млрд теңгеге жуық қаражат табылды. Сонымен қатар бірнеше пәтердің және көліктің құжаты тәркіленген болатын.

Мәулен Ержанов, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ресми өкілі:

- Қазіргі таңда мемлекеттік айыптаушы ашық сот отырысында жаңа айыптау актісі жариялады. Жаңа айыптау актісі бойынша мемлекетке келтірілген зиян 4 млрд 570 млн құрайды. Сонымен қатар сотталушылар бізде 20 адам. 20 адамның 16 қамауда, 4 адам денсаулығына байланысты үй қамағында.