Жалаулыда жағдай күрделі

Қарғын судан зардап шеккен Жалаулы ауылы тұрғындарының жағдайы назардан тыс қалмайды.

Жергілікті атқарушы билік тәуелсіз сараптама қортындысына сәйкес жарамсыз үйлердің орнына жаңасын салып беруге уәде берді. Әуелі  ауылды судан босату керек. Ол үшін ірі су сорғылары жеткізіледі. Еске сала кетсек, Жалаулы Павлодар облысы бойынша су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланған жалғыз елді мекен.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Жалаулы ауылының тұрғындары әр көктем сайын жанын шүберекке түйіп отырады. Қырдан келген су ауылға жайылады. Биыл тіпті ырық бермеді. Он төрт үй су ортасында қалды. Мархабат Сматаевтың үйіне кірген су тізеден асып тұр.

Мархабат Сматаев, Жалаулы ауылының тұрғыны:  

- Енді мен мына үйге семьямды кіргізе алмаймын мен. Мынау қауіпті. Екі қатар газоблок суда тұр астыңғы. Ол қазір кепкеннен кейін үгіліп, езіле бастайды. Бәлен тонна төбе жатыр мынаның үстінде.        

Қазір жағдай біртіндеп қалпына келе бастады. Ең бастысы тасқын судың арыны басылған. Бірақ қарғын судан ауылды босатуға уақыт керек. Төтенше жағдайлар қызметі дамылсыз жұмыс істеп жатыр. Ауылдың маңайына қазаншұңқыр қазылып жатыр. Бұрын қолданыста болған үшеуі ернеуінен асып кеткен.

Айжас Сабыржан, ТЖД ресми өкілі:

- Қазіргі уақытта ТЖ қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар суды айдау жұмыстарын жүргізуде. Қауіп қазіргу таңда жоқ. Сонымен қатар қосымша эксковатор жұмылдырылған болатын. Қазір котлован қазу жұмыстарымен айналысуда.

Жақын күндері Жалаулы ауылына қосымша көмек келеді. Ірі өндірістік су сорғыларын әкелуге шешім қабылданды. Арнайы техника елді мекенді судан босатады. Одан кейін арнайы комиссия тасқыннан келген залалды есептеуге кіріседі.  

Асайын Байханов, облыс әкімі:    

- Мысалы кейбір үйлер тұруға жарамайды, оның жаңағы апатты үй болды деп саналса онда біз оның орнына не  үй аламыз, не үй салып береміз жаңадан. Оның бәрін әкімшілік белгілемейді, сарапшылар белгілейді. Ол сарапшылар осы аптаның бір-екі күнінде өз жұмыстарына кіріседі. Бірақ біздің бірінші приоритет болып тұрған нәрсе ол суды алып кету.

Жалаулы ауылында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Бұл  облыс бойынша қарғын суға байланысты шұғыл шешім қабылданған әзірге жалғыз елді мекен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев