Өскемендегі айналма жолды қайта құру жоспарланып отыр

Биыл Өскемендегі ең үлкен айналма жолды қайта құру жоспарланып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жауаптылар жобаның негізгі сызбасы осы айдың соңында дейін дайын болатынын айтады. Алайда әзірге жол түсетін аймақ бос емес. Бірақ қалай болғанда да айналма жол салу қажет. Мамандар үлкен көпір салу керектігін айтады. Ол қаладағы көлік тығынын азайтуға септігін тигізбек. Өңірдегі жол құрылысы саласы қалай жаңғыртылып жатыр?

Өскемендегі айналма жол көлік жүргізушілері үшін ең қауіпті жол саналады. Себебі мұнда тәжірибелі жүргізушілердің өзі жолақты ауыстыруда қиналып жатады. Ал кешкі және таңертеңгі мезгілде бұл жолмен жүру мүмкін емес. Мыңдаған көлік бір мезетте жолға шыққанда бағдаршамның өзі көмектесе алмай қалады, – дейді мамандар. Соның салдарынан мұнда жол көлік оқиғасы да жиі болады.

Рахат Оралбеков, Халықаралық инженерлік мектебінің аға инженері:

- Мұндағы көлік тасқынын саябырсыту үшін үлкен айналма көпірлер салу керек. Сонда көліктер кептелісте кезек күтіп тұрмайды. Бір-біріне кедергі келтірмей, айналма көпірлер арқылы сырғып ағып отырады. Мысалы, Алматы, Астана қалаларындағы жол қиылыстарында айналма көпірлер көп. Көліктер бағдаршамды күтіп тұрмай, жүйткіп өте шығады. Бізде де сондай болуы керек. Онсыз мәселе шешілмейді.

Бүгінгі таңда жергілікті инженерлер жолдағы қозғалыс жүктемесін азайтудың бірнеше нұсқасын қарастырып жатыр. Жаңа бағдаршамдар орнату мен көпір салу арқылы көлік қозғалысын 18%-ке азайтуға болатынын айтады. Десе де мамандар Ертіс өзені арқылы жаңа жолайрығын салу ең тиімді әдіс деп санайды. Қазір қалада сақина тәрізді айналма жолдар салынып жатыр. Бірақ сарапшылар бұл жүктемені 70%-ке дейін уақытша ғана азайтатынын айтады.

Сергей Коваленко, қалалық полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясының бөлім бастығы:

- Біз көпір деңгейі айналма жолдан едәуір жоғары екенін ескере отырып, екі деңгейлі жол айырығын енгізу немесе салуды ұсынамыз.

Бүгінгі таңда аймақ басшылары айналма жолдың тағдырын шешіп жатыр. Жауаптылар алдағы екі аптада жобаға өзгеріс енгізілетінін жеткізді. Одан бөлек, қаладағы даңғылдар мен көшелерді кеңейту жоспары жасалып жатыр. Қалада жаңа шағын аудандар бой көтеріп жатыр. Соңғы 20 жылда облыс орталығында көлік саны 70 мыңға дейін артқан.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.