БҚО-ға 260 тонна гуманитарлық жүк жетті

Су тасқыны басталғалы Батыс Қазақстан облысына өзге өңірлерден 260 тонна гуманитарлық жүк келген, деп хабарлайды 24KZ.

Азық-түлік пен киім-кешек, тұрмыстық заттар, гигиеналық бұйымдар Орал қаласы мен 6 аудандағы пункттерге жеткізіліпті. Қарапайым тұрғындардардан бастап қаржы ұйымдары мен кәсіпкерлер Ақжайықтағы ахуалға алаңдап, жәрдем беріп жатыр. Келген көмекті шашау шығармай қабылдап, тиімді таратумен арнайы 2,5 мың волонтер айналысады. Табиғат апатына тап болып, бір күнде барынан айырылған жандар қиындықта жалғыз қалмағандарын айтады.

Клара Сәлімгереева, Ұзынкөл ауылының тұрғыны:

- Айналамыздың бәрін су алып кетіп, осында әкеліп көшірді. Осындай қиын заманда көмек беріп, үйімізден артық қылып, тамағымызды бәрін беріп жатыр. Бізге қызмет етіп жатқан кісілерге көп-көп рақмет! Өте ризамын!

Аслан Тапишев, гуманитарлық көмекті қабылдау штабының бастығы:

- Осы апта ішінде Алматы облыс бойынша 60 тонна көмек көрсетеді. Бүгін Астана қаласынан келеді. Шымкент қаласынан келеді. Осы келген көмектің тиімді жетуі үшін осы штаб құрылған болатын. Біздің координаторларымыз аудандардан сұраныстарын алады. Сол сұраныстарды өңдеп, біздің штабта бар болса, барын шығарып, соларға жеткізіп отырады.