Қостанайда жағдай тұрақтала бастады

Қостанай облысында тасқын суға қатысты жағдай кешегімен салыстырғанда тұрақты.

Ондағы су қоймаларының ағысы бәсеңдеп, деңгейі төмендеген. Табиғи апатқа байланысты жабылған Қостанай-Тобыл қалаларын жалғайтын орталық көпір ашық. Қазір сол жақта жүрген әріптесім Мерей Қанапия тікелей эфирге қосылуға дайын.

Қайырлы күн, студия! Әзірге Қостанай облысында Қаратомар су қоймасына қатысты сәл де болса оң өзгеріс бар. Ондағы су деңгейі 3050-ден 3 мың текше метрге ал ағыс деңгейі 2900-ден 2800 текше метрге төмендеді. Мұның өзі үлкен көмек дейді төтеншеліктер. Олар 24 сағат штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.

Жалғасбек Маратов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің инженері:

- Қостанай облысында 470 аула су астында және ауылдық аумақ, 24 білім беру объекті су астында.

Ал қаладағы көлік қозғалысы реттелді. Кеше уақытша жабылған осы көпір қазір ашық. Мұнда инженерлік-техникалық жұмыстар жүргізіліп, қондырғылар мен құбырлар орнатылды. Соның арқасында қауіп сейіліп, су басу деңгейі төмендеді.

Айта кетейік, осыған дейін қаладағы 3 көпірдің 2-уі жабылған еді. Қостанайда су тасқыны басталғалы бері эвакуациялық жұмыстарға 3 мыңға жуық адам, 470-тен астам техника және 3 тікұшақ жұмылдырылды. Арасында төтеншеліктерден бөлек полицейлер мен ұлттық ұландықтар және шекарашыларға дейін бар.

Мерей Қанапия, 24.KZ