Ақтаулықтар Құлсары халқына ыстық тамақ тасып жатыр

Жаға бекіту жұмыстарында жүрген Құлсары халқына Маңғыстау тұрғындары ыстық тамақ тасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қолдау білдіре келген ақтаулықтар 30 мың адамға жететін азық-түлік пен қажетті заттарды ала келді. Тіпті тамақ дайындайтын кәсіби аспаз да келген. Қазан асып, жұмыс істеп жатқан 2 мың адамға сол жерде ыстық тамақ үлестіріліп жатыр.  Олар 15 күн бойы көмек көрсетуге дайын. Көрші өңірдің жанашыр тұрғындарына жылыойлықтар алғысын айтып отыр.

Хайдар Жалғасбаев, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Маңғыстау облысынан көптеген көмек келіп жатыр. Рахымберді деген бауырымыз бастаған, ол азаматты ел білетін шығар, кеше 10 газельмен алып келді көмектің бәрін. Қаншама малды малдай, жанды жандай дегендей, 20-30 қойын алып келді. Сол тамақты ысырап қылмай, жан-жаққа кетпей, соның бәрін пайдалану үшін осы ауылдың халқына деп өзінің адамына дейін, аспазына дейін әкеліп, осы жерде бәрін ұйымдастырып, жасап жатыр.