Көкшетауда тасқын су қаупі сейілді

Қазір қаланың қақ ортасымен ағып өтетін Қылшақты өзеніндегі су деңгейі бір метрге дейін төмендеді, деп хабарлайды 24KZ.

Десе де қауіпсіздік шаралары әлі де жалғасып жатыр. Яғни, өзен бойындағы бөгет нығайтылды. Жер үйлер мен қала көшелері көлкіген судан тазартылды. 

Қазір облыс орталығындағы жағдай тұрақталды. Арнасынан асқан Қылшақты өзені сабасына түсті. Бірақ еркінсуге ертерек. Себебі Бурабай алқабындағы қар суы әлі де толық ери қойған жоқ. Ал оның барлығы осы өзенге келіп құяды. Сондықтан мұндағы су деңгейін төтенше жағдай қызметі күн-түні бақылауға алып, орталықтағы штабқа есеп береді.

Ұлан Бейсенбаев, өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

- Төтенше жағдай департаментінен техникалары Көкшетау қаласынынан бөлек, Щучинск қаласынан 3 техника келді және Сандықтау ауданынан келген 3 мотопомпа жұмыс істеп жатыр. Судың деңгейі тұрақты. Өздеріңіз білетіндей, наурыздың соңында критикалық жағдайда су 190 сантиметрге дейін көтеріліп еді, қазір 100-ге дейін түсті.

Тасқынның алдын алуға құтқарушылардан бөлек, жергілікті бизнес өкілдері мен басқарма басшылары да тартылған. Бірінші кезекте оларға өзен бойынша бөгетті нығайту жұмысы міндеттелді.

Амангелді Смайылов, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы:

- Біз қаладағы қауіпті аймақтарды үшке бөліп алдық. Сосын бірден бөгеттерді қайта салу жұмысына кірістік. Тек осы учаске бойынша 5 компания жұмылдырылды. Қазір осы бөгеттің ені 6-7 метр, ал биіктігі 4 метрге жуықтайды.

Тасқынға қарсы осындай шаралар облыс бойынша да қолға алынған. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 32 шақырымдық жаңа бөгет салынды. Ал эвакуацияланған 500-ден астам адам үйлеріне қайтып оралды. Қазір Есіл, Жарқайың және Шортанды аудандарында су басу қаупі жоғары. Сандықтау мен Атбасардағы ахуалда алаңдатып отыр. Сондықтан аймақтағы күш пен техника осы аудандарға жөнелтілді. Ал тасқынның алдын алу шараларына 25 мың адам мен 1 мыңнан астам техника жұмылдырылды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.