Түркістан жұрты жылу жинап жатыр

Түркістан қаласының тұрғындары тасқын судан зардап шеккен Атырау облысына жылу жинап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жергілікті тұрғын гуманитарлық көмекті жеке жүк көлігімен жеткізіп беретін болды. Ал Келес ауданының халқы Ақтөбе облысына 10 млн теңгенің затын жіберді. Ауыл ақсақалдары мен имамдардың ұйымдастыруымен қолға алынған қайырымдылық шарасына барша аудан тұрғындары атсалысты.

Түркістан қаласының тұрғыны Бейбіт Сүлейменов әлеуметтік желіден су басқан аймақтарға әркім қолынан келгенше көмек беріп жатқанын айтады. «Бірі қапқа құм толтырса, екіншісі ыстық тамақпен, үшіншісі қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. «Мен қалай көмектесемін» деген ой маза бермеді», – дейді. Сосын өз жүк көлігін шығарып, халықты жылу жинауға үндеген. Гуманитарлық көмекті Атырау қаласына жеткізбек.

Бейбіт Сүйлейменов, көлік жүргізушісі:

- Түркістанның азаматтары, халқы бәріміз жиналып, ақылдастық жастар. «Менде машина бар, көлік қояйын. Қалған кімнің қолынан не келеді? Сондай әрекет жасайық», – деп бел будық. Түркістан тұрғындары, жастар бәріміз бірігіп әрекет істеп жатырмыз. Қиналып жатқан бауырларымызға қолдан келгенше көмек деп, құдай қаласа, жолға шығамыз.

Бейбіттің бастамасы бірден қолдау тапты. Әсіресе қоғам белсенділері мен кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары мен жастар ұйымдастыру шараларына бірден кірісіп кетті. Олар азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек пен гигиеналық заттарды сатып әкеліп, жүк көлігіне тиеп жатыр. Тіпті бір азамат құм салатын 10 мың дана қап әкеліп өткізді.

Ғаппар Сәнсенбаев, қалалық мәслихат төрағасы:

- Қол ұшын созып жатыр әрбір азамат. Өзінің үлесін қосып жатыр. Бәрі хабарласып, бізден не жәрдем деп жатыр. Құдай пейілдеріңе берсін. Қазақ айтады: «Жанымды алсаң, ал пейілімді алма». «Пейіліңді кеңге сал, қырманыңды дөңге сал», – дейді. Пейілі кең, дархан көңілді бауырларыма Алланың нұры жаусын.

Ал Келес ауданының тұрғындары қарғын судан зардап шеккен Ақтөбе облысының халқына қолын ұшын созбақ. Қайырымдылық шарасына аудан тұрғындары бір кісідей атсалысып, 10 млн теңгенің гуманитарлық көмегін көрсетті. Бүгін жиналған жүктің алғашқы легі жолға шықты.

Лесбек Нұртаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- 2008 жылы Келес өңірінде табиғи апат болып, су тасып, сол жағдайды басымыздан кешіп, бізде сол көршілес облыстардан көмек алғанбыз. Қазақстанымыздың 10 облысында ТЖ жарияланып жатыр. Бізде Келестің халқы барлығы жылу жинап, кезекті жәрдемімізді жіберейік деп тұрмыз. Барша халықты бірлікке шақырамын.

Айта кетейік, облыс тұрғындары еліміздің батысынан бөлек, солтүстік пен шығыстағы қиын жағдайда қалған жерлестерімізге де көмек ұйымдастырып, қол ұшын созамыз деп отыр. Қайырымдылық шарасына өңірдің барлық аудандары тартылып жатыр. Қазір су басқан аймақтарда құрылған штабпен байланысып, қажетті заттардың тізімі жасалып жатыр, – дейді жауаптылар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.