Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 15 мың гектар сексеуіл егіледі

«ҚазМұнайГаздың» қолдауымен Арал теңізінің құрғап кеткен ұлтаны жасыл желекке айналады.

Ұлттық компания 15 мың гектар жерге 4,5 миллион түп сексеуіл көшетін егу жобасын бастады. Теңіз табанындағы қайнаған қызу тірлікпен «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев арнайы барып танысты.

Арал теңізінің тартылуы – жаһандық проблема. Табанынан ұшқан шаң мен тұз жер шарының әр түпкіріне жетті. Мәселені шешудің бір жолы – теңіздің құрғаған жерін тоғайға айналдыру. Ол үшін шөлге төзімді галофитті өсімдіктер егу керек, – дейді мамандар. Президент тапсырмасы аясында қолға алынған жобаға «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы да үлес қосты.

Мағзұм Мырзағалиев, «ҚазМұнайГаз» АҚ ҰК басқарма төрағасы:

- Қазақстанның, қазақтың символдық ағашы деп айтуға толық негіз бар деп ойлаймын. Сексеуіл, біріншіден, жылудың көзі ғой, тіршіліктің көзі.  «ҚазМұнайГаз» тарихында бірінші бастамасы жалғасын табады деп мен кәміл сенемін.

Бір түп сексеуілдің 4 тоннадан астам құмға тосқауыл болатынын ғалымдар дәлелдеген. Ал 7 жылдан кейін 15 мың гектар жерге егілген өсімдік 15 мың тонна тұз бен шаңның көкке көтерілуін тоқтатады, – дейді мамандар.

Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі:

- 2021-2023 жылдар аралығында 545 мың гектар жер жасыл желекке айналды. Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін бұл көлем 1,1 миллион гектарға жеткізіледі.

Әліби Ғазизұлы, «Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры:

- «ҚазМұнайГаз» деген ұлттық компания қол ұшын беріп, өзінің ақшасыменен көктемгі егісті өткізіп жатыр. Басқа да ұлттық компаниялар бар, солар көріп, бетін бұрса деген, Аралдың тағдырына.

«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы елдегі көгелдандыру шараларынан қалыс қалған емес. Былтыр олар еліміздің бірнеше өңірінде 40 мың түп ағаш отырғызған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.