Сан рет су басқан Садовое биыл аман

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданындағы ауылдарды 5 күн бойы су қоршап тұрды. Әйтеуір ел аман.  

Чкалов, Садовое ауылдарында жүйелі жұмыс пен бірліктің арқасында бірде бір үйдің ауласына су кірген жоқ. Елді мекендерде табиғи апаттың алдын алуға күзден бері дайындық басталған. Тоғыз тараптың суы тоғысатын Нұра өзенінің іргесіндегі ауылдағы жағдай қалай?

Өңірдегі тасқын қауіпі басым елді мекендердің бірі – Чкалов ауылы. 2015 жылы мұндағы үйлерді қарғын су шайып кеткен болатын. Ал биыл Нұра өзенінің жағасына арнайы жал көтеріліп, құм толы 15 мыңнан астам қап қойылған. Соның арқасында елді мекен тасқыннан аман қалды. Дегенмен де су ернеуге 20 сантиметр ғана жетпей қалған.

300-ден астам тұрғыны бар алақандай ауылға алапат су 5 күн бойы қауіп төндірді. Әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган мамандарына ауыл тұрғындары да жұмыла көмектескен.

Айжан Оспанованың үйі өзенге тым жақын орналасқан. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде арпалысқа толы күндер өтіп, ауыл судан аман қалды,-дейді ол

Айжан Оспанова, Чкалов ауылының тұрғыны:

- Ауылдың баласы да, жасы да, үлкендері де, еркек, әйел деп қараған жоқ, барлығы жұмылды. Жаңағы келген азаматтармен бірлесіп, ұжымдасып ауылды судан аман алып қалды. Ауыл азаматтары көмекке келген азаматтарды үйге кіргізіп, аяқ киімдерін кептіріп, тамақ беріп, білмеймін енді, барлығы ұжымдасып кетті.

Сай-саладан аққан және өңірдегі Самарқанд су қоймасынан жіберілетін су дәл осы ауылдың іргесіндегі Нұра өзеніне келіп құяды. Қоймадан шыққан ағыстың күштілігі  секундына 1200 текше метрге дейін жеткЕН.

Аяз Сарбасов, Бұқар жырау ауданы ТЖ бөлімінің бас маманы:

- Биыл алдын ала жұмыстар жүргізілді төтенше жағдай қызметінен, жергілікті атқару билігінен. Алайда ауа-райы айтып келмейді дейді ғой өзеннің, жылғадан аққан судың ағуы көп болды. Жасалған іс-шаралардың арқасында Бұқар жырау ауданында үйлерді су басу қауіпі толығымен жойылды.

Чкалов ауылында тасқынға дайындық жұмыстары күзде басталған. Алдымен ауылды айнала қоршалған бөгет биіктетіліп, осал тұсы бекітілген. Ал ақпан айынан бастап елді мекен ішіндегі 4 мың текше метр қар шығарылыпты. Дәл осындай алдын-алу жұмыстары көршілес Садовое ауылында да істелген. 2017 жылы салынған бөгет Нұра өзенінің ең қауіпті сағасындағы елді мекенді аман сақтап тұр.

Асқар Әміре, Гагаринское ауылдық округінің әкімі:

- Соңғы рет 2017 жылы Садовое ауылын 70 пайыз су басты. Үш шақырым 600 метр бөгет салынған осы ауылда. Содан бері су қауіпі болған жоқ. Алдын ала шаралар аясында осы ауылдан 7 мың текше метр қар шығарылды. 200 тонна инертті материал кіргізілді. 2 мыңнан астам қап дайындалды.

Қазір облыста су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Өңірдегі барлық 237 гидротехникалық нысан қалыпты жұмыс істеп тұр. Ең үлкен Шерубай-Нұра, Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан рекордтық көлемде су өтті. Мұндай алапат тасқын соңғы рет 2017 жылы болған еді.

Руслан Нұрланұлы, 24.KZ, Қарағанды облысы