«Күртіге» күмән жоқ

Алматы облысындағы Күрті су қоймасының беріктігі тексеріледі.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 40 млн теңге қаралған. Бөгетті нығайту жұмыстары жүргізіле ме, жоқ па, ол жағы зерттеу қорытындысы шыққан соң белгілі болады. Өйткені қазір Іле мен Жамбыл аудандарындағы егіс алқаптарына су жетпей жатыр.

Алматы облысындағы ең үлкен гидрологиялық нысанның бірі – «Күрті» су бөгені. Онда 120 млн текше метр су сияды. Биыл мұнда 100 млн текше метрдей су жиналды. Егіс алқаптарына су жеткізу үшін кемі 110 млн текше метр су қажет. Сәйкесінше, «осындай көлемдегі мол суды жинап, ұстап тұруға бөгет шыдай ма?», – деген сауал туындап отыр. Өйткені «Күрті» су қймасы 1967 жылы салынып, пайдалануға берілген. «Егіс алқаптарын суландыру жұмыстары аяқтала салысымен, яғни, алдағы күзде бөгеттің беріктігі тексеріледі», - дейді мамандар.

Мейрам Арыстанов, "Қазсушар" РМК "Үлкен Алматы" су арнасының басшысы:

- Бөгеттің жағдайы тұрақты. Биыл мына республика қаражатынан толық көпфакторлық зерттеу жүргіземіз. Сол зерттеудің нәтижесінде нақты мынау плотинаның жағдайы қандай, қандай жұмыстар ары қарай жасауымыз керек, айтуға болады сол кезде.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Мына жерде су бар, бірақ, суды ары қарай ауыл шаруашылығы алқаптарына жеткізетін каналдардың жағдайы нашар. Өйткені бұрын басталған жұмыс толық аяқталмай қалған. Сол себепті мынау Жамбыл ауданына, кейін мынау Іле ауданындағы жерлер суғарылмайды бүгінгі күнде. Егер оның каналдарын дұрыстаса, осы су бекер кетпей, сол поляларға дейін барар еді. Ары қарай да мынау дамба шыдайды.

«Күрті» су қоймасы 2010 жылы Ақши елді мекеніне қауіп төндірді. Су деңгейі апатты жағдайға дейін көтерілгенде су жіберуге арналған қосалқы нысан сол жылы соңғы рет іске қосылған. Содан бері бөгенге ондай көлемдегі мол су жиналмады. Соның салдарынан Іле мен Жамбыл ауданының шаруалары шілденің ми қайнатар аптабы мен тамыз айында егіс алқаптарына су жеткізе алмай қиналады.

Игорь Шмид, Ақши ауылының тұрғыны:

- Плотина шыдайды, мықты плотина ғой. Кезінде 124-125 миллионға дейін жинап жүрді ғой суды. Содан жіберетін, бұрын толғанша жинайтын суды. Ал қазір соңғы рет 80-90 млн текше метр ғана жиналып жүр. Ол бізге жетпейді.

Іле ауданының шаруалары егіс алқаптарын суғаруға «Сорбұлақ» көлінің суын молынан пайдалануды сұрап отыр. Алайда, бұл көл Алматы облысының аумағында орналасқанымен, тікелей Алматы қаласына қарайды.

Олар бізге 14 жылдан бері механикалық-биологиялық тазартудан өтетін осы суды қажетті мөлшерде бермей келеді. Облыс басшылығы мен үкіметтегілерден бізге осы мәселені шешіп беруін сұраймыз, – дейді жергілікті шаруалар.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов, «24.KZ», Алматы облысы