Су тасқыны. 8 көпірді су шайып кеткен

Су тасқыны басталғалы бері елімізде 96 мыңнан астам адам құтқарылды. Оның ішінде 31 мыңнан астамы - бала. 8 мыңға жуық адам уақытша пункттерге орналастырылды.

Сондай-ақ су басқан аймақтардан 8,5 млн текше метрден аса еріген қар суы сорылды. 2750 тұрғын үй мен 1816 аула аумағынан су бұрылды. 83 мыңға жуық мал қауіпсіз жерге айдалды.

Кей өңірлерде мұз жару жұмыстары әлі де жалғасуда. Ал зардап шеккен аймақтарға 168 000 келіге жуық гуманитарлық көмек жеткізілді.

Ерасыл Сайпаш, ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері:

- Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24295 адам, 2655 техника, 469 су сору және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылды. Осы сағатта Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3444 жеке тұрғын үй, 339 аула аумағы су астында қалды. Су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемі бақылауда тұр.