Атбасарда су тасқынынан қауіп күшейді. LIVE

Атбасар қаласында су тасқынынан қауіп күшейді. Жергілікті билік дабыл қағып отыр.

Себебі Жабай өзеніндегі су деңгейі 5 метрден асты. Қазір құтқарушылар өзен бойындағы екінші бөгетті биіктетіп жатыр.

Абзал Азаматұлы , тілші:

- Иә, Атбасардағы жағдай шынымен алаңдатып отыр. Себебі соңғы бір-екі сағатта өзен деңгейі қайта көтерілді. Қазір Сандықтау мен Атбасар арасындағы республикалық маңыздағы тасжолды су шайып, көлік қозғалысы толығымен тоқтатылды. Қазір негізгі қауіп аудан орталығына төніп отыр. Себебі өзен бойындағы ескі бөгет шыдас бермеуі мүмкін. Сондықтан, көріп тұрғандарыңыздай, жаңа бөгет салынып жатыр.

Айталық, Жабай өзені Зерендіден бастау алып, Сандықтау арқылы ағып, Атбасарға келіп құяды. Сондықтан негізгі күш осы жерге жұмылдырылды. Ал тасқынға тосқын шараларына құтқарушылардан бөлек, жергілікті бизнес өкілдері мен еріктілер де атсалысып жатыр.