Қызылорда облысында су үнемдеу технологиялары қолданылады

Қызылорда облысының аумағына Сарысу өзені арқылы секундына 300 текше метрге дейін су түсіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл алаб соңғы 7 жылдан бері құрғап қалған еді. Биыл Ұлытау өңірінде көп мөлшерде қар еріп, аталған су жолдары қайта жанданған. Көктемгі мол судан қауіп бар ма? Бұл құбылыстың шаруашылықтарға қандай әсері болуы мүмкін?

Сарысудың Қызылорда облысындағы аумағы 150 шақырымға жуықтайды. Су мол болған жылдары бұл өзен Шиелі ауданы аумағындағы Телікөл мен Ащыкөлге құяды. Аталған көлдер жүйесі 26 миллион текше метр тіршілік нәрін жинақтай алады. Бұл маңда елді мекендер жоқ. Дегенмен 24 шаруашылық 16 мың бас түлікті өргізіп отыр. Оларға қауіп төніп тұрған жоқ, – дейді мамандар.

Бақыт Жаханов, облыс әкімінің орынбасары:

- Сарысудың суы өзі жайылып келеді. Бұл аумақта 500 мың гектар жайылымдық жер бар. Суландырудың арқасында ертең ол жерде жақсы шабындық пайда болады. Біздің облыс үшін, жалпы енді шаруашылықтарға ол – қуанарлық жағдай. Өздері де айтып отыр.  

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Сарысу өзені сарылдап аққанымен, оның егінге пайдасы жоқ. Ал Сырдарияның деңгейі биыл да төмен болуы мүмкін. Қазірдің өзінде Шардара мен Көксарай су қоймаларында жиналған тіршілік нәрінің көлемі өткен жылғыдан 600 миллион текше метрге аз.

Суармалы су тапшылығына байланысты биыл өңірде күріш алқабын 5 мың гектарға қысқартты. Сонымен қатар суды үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілетін болды. Ал күріштік жерді лазерлік тегістеуден өткізу жалғаса береді.    

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Әлемдік тәжірибеде, өзімізде өткен тәжіребиелер көрсетіп отыр, 20%-ке дейін суды үнемдеп, өнімділікті 30%-ке дейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Қазір облыста 2011 жылдан бері осы тәжірибені кеңінен пайдаланып келе жатыр. Бүгінде 50 мың гектардан астам жер осы тегістеуден өткізіліп отыр. Алдағы уақытта бұл жұмысты біз 100%-ке дейін жеткізетін боламыз.

Аймақта су үнемдеу технологиясына қатысты биыл 4 жоба жүзеге асады. Осылайша, 4 мың 200 гектар алқапқа егілетін мал азығы және бақша дақылдарын тамшылатып, жаңбырлатып суару жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.