Жайықтан жаңа арық қазылып жатыр

Атырауда Жайық өзенінің арнасын төмендету мақсатында «Соколок» каналына қосымша, ұзындығы 24 шақырымдық жаңа су арнасының құрылысы басталды.

Ол өзен суын Атырау қаласына жеткізбей Каспий теңізіне бұруға мүмкіндік береді. Қазір канал басында біздің осы өңірдегі тілшіміз Арыстанбек Кенже жүр.

Бастауын Ресейден алатын Жайық өзенін жайлап отырған жұртшылық әлі де алаңдаулы. Тасқынға қарсы жұмыс тәулік бойы бір де толастаған емес. Мәселен, дәл қазіргі сәтте мына біз тұрған Соколок каналына қосымша қазылып жатқан жаңа арнаның құрылысын айтуға болады.

Бұл арна қала іргесіндегі Бесікті ауылының маңайынан басталып, тасқын суды қалаға кіргізбей, Каспий теңізіне тікелей бағыттауға септігін тигізеді. Қазір құрылыс басында 19 арнайы техника және 40-қа жуық адам жүр. Олар 24 шақырымдық жаңа арнаны су келгенше қазып бітіруі тиіс.

Атырау облысында егістік пен шабындыққа су шығаратын осындай 15 канал бар. Олардың барлығы жөнделіп, қалпына келтіріліп жатыр.  

Олжас Сұлтанов, облыстық штабтың мүшесі:

- Енді Жайық өзенінің жағдайына келсек, «Қазгидрометтің» бүгін, 11 сәуірдегі мәліметі бойынша өзен деңгейі Индер ауданында 21 см-ге көтеріліп, 487 смге жетіп қалды.

Тиісінше Атырау қаласында 27 смге өсті. Дәл қазір облыс орталығында өзеннің деңгейі 285 см шамасында. Басты міндет өрден құлайтын мол суды тоқтаусыз Каспий теңізіне өткізіп жіберу. Қазір жаға бекітумен қоса, арықтарды тазалау, судың бұрынғы арналарын аршу жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.

Оған 600-дей техника мен 2000-дай адам жұмылдырылған. Қосымша өзге өңірлерден де техникалар мен адам күші тартылып жатыр.

Облыс бойынша Жайық өзенінің жағасында 26 елді мекен орналасқан. Олардың барлығында күндіз-түні күшейтілген кезекшілік қойылды.

Арыстанбек Кенже, 24.KZ, Атырау облысы