Депутаттар тасқын су басқан ауылға барды

Қарғын судан зардап шеккен шаруалар мен кәсіпкерлердің несие төлемдерін кейінге шегеру қажет.

Мәжіліс депутаттарымен жүздескен Ақтөбе облысының Ойыл ауданы тұрғындары қаржы институттары үш жылға дейін демалыс берсе деген ұсыныс айтты. Бұл мәселе алдағы күндері Парламентте талқыланатын болды.

Су басқан Қаратал ауылының тұрғыны Айгүл Әжмұхамбетова екі баласымен аудан орталығындағы мектептен пана тапқан. Өзге үш баласын жақындарының үйіне орналастырды. Жер аяғы кеңіп, күн жылынса ауыла қайтам дейді. Билік жаңа баспаналардың құрылысына көп ұзамай кірісетініне сенімді. Бастысы ауыл балаларының білім алар орны да жайлы болса дейді.

Айгүл Әжмұхамбетова, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Көпбалалы анамыз бәріміз. Мектеп болса дейміз. Жаңа мектеп, білім ордасы да қиын жағдайда қазір. Оқуға мүмкін емес. Жарамсыз болып тұр ғой білім ордасы да. Төменгі этажына су кірді. Трещина болды барлық жарлары. Қазір жарамсыз. Енді алдағы уақытта барлығына баспана салынса, егер ауылда барлық тұрғын қоныстанатын болса бізге міндеттіт түрде білім ордасы мен садик керек.

Тасқын басталғалы ел аралап жүрген депутаттар Ойылда бас сауғалаған тұрғындардың мұң-өтінішін тыңдады. Халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, талап-тілектерімен танысты. Үйі мен қора-қопсысын топан су шайған жұрт «түрлі қаржы институттары алдындағы қарыздар да қыспаққа алды» дейді.

Мейрамгүл Ақжәмиева, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Менде мысалы кредитім бар басымда. 93500 төлеймін айына. Мен хабарласып айттым. суға кетіп қалдым. Мен қазір жалақымды ала алмай отырмын деп. Ешқандай, ештеңе шешкен жоқ. 24 сағаттан кейін жауап беремін деді. Енді күнде күнде өсіп жатыр менікі. Жартысын ұстап қалды. 56 мың болып еді. Бүгін қарасам 60 болып тұр кредитім. Маған сол мәселені шешіп берсеңіздер. Мен төлеп бер демеймін. Кредитімді кішкене тоқтатып үстіндегі пенясын алып тастаса деймін.

Депутаттар бұл мәселе Үкіметтің жіті назарында екендігін жеткізді. Жекелеген тұрғындардың да, кәсіп иелерінің де несиелік төлемдері бойынша нақты шешім қабылданады.

Асқар Садықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Премьер-Министрі зардап шеккен тұрғындардың екінші деңгейлі банктердегі несиелері 3 айға автоматты түрде кейінге шегерілетінін айтты. Сонымен қатар төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұл салынбайды. Біз бұл мәселені қадағалап, халықтың кейін қосымша қарыздар болмауын да назарға аламыз.

Депутаттар сең соғып, үйлері құлап қалған ауылға ат басын арнайы бұрды. Мұнда қазір негізінен ер азаматтар қалған. Қираған үйлерді аршып, тірі қалған төрт-түлікке бас-көз боп жұр. Барлығының көкейінде бір ғана сұрақ. 

Серік Ахметов, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Комиссия келіп жатыр. Бірақ нақты бір шешімін тапса бір. Сіздер енді депутат, министерствода отырасыздар ғой енді. Нақты осындай үй салынады. Халықтың қазір ең басты сұрағы осы болып тұр. Осы жерге келіп, осындай осы жерге үй салынады деген актісін көрсетсе деген.

Қазбек Әлішев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тұрғын үй мәселесі шешіледі. Оны нақты осы алдағы аптадан бастап жұмыстар жасалынады. Оған арнайы құрылыс компаниясы да белгіленеді. Енді мәселе жаңағы үйдің шаршы метрінде болып тұр. Сіздердің де сұраныстарың сол болып тұр мына көкейдегі.

236 түтіні бар Қараталда қарғын судан тек 10-ға жуық үй аман қалған. Сондықтан ауылда түнеп, баспана тұрғызуға да уақытша пана керек.

Аманжол Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жылдамдатып осы үй салу мәселесі басталу керек деп есептеймін. Оған дейін енді мына елді уақытша тұратын жаңағы ағаш үйлер, палаткалар солардың өте мұқтаж екендігін, сол керектігін көзімізбен көріп бара жатырмыз. Енді сол уақытша тұратын жаңағы ағаш үйлерді, үлкен шатыр-палаткаларды, оның барлығы кешіктірілмей жеткізіледі деп ойлаймыз.

Тұрғындар азық-түлікке мұқтаж емес. Ойылда дәл қазір бір жарым айға жетерлік қор бар. Күнделікті жеткізіліп те жатыр. Топан судың беті қайтқан елдің жайымен танысқан соң депутаттар Әйтеке би ауданына аттанды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Наурызбай Құрманғазы