Әйел мен баланы қорғау туралы заң мақұлданды

Сенат әйелдер мен балалар құқығын қорғау жөніндегі заңды екінші оқылымда мақұлдады.

Құжат тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алып, отбасы институтын нығайтуды көздейді. Заңда баланы күштеп тартып алу мен ата-ана құқығынан айыруға қатысты ешқандай норма жоқ.

Елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық деректері әлі де тыйылмай тұр. Статистикаға сүйенген сенаторлар осылай деп отыр.Сондықтан, мұндай қадамға барғандарға жауапкершілік күшейтілуі тиіс. Қолданыстағы құқықтық база қазіргі қоғамдағы осыған қатысты заң бұзушылақтарды толық қамтымайды. Ал жаңа құжат кінәлі тарапты жазалап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың алдын алу мен зардап шегушілерді қолдау тетіктерін қамтиды.

Жанна Асанова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отырған жағдай мен оның статистикалық көрсеткіштері осы саладағы құқық бұзушылықтарды криминалдандыруды, құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сәйкес келетін жаза тағайындауды және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етіп отыр. Қылмыстық кодекске енгізіліп жатқан өзгерістердің мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқықбұзушылықтар үшін жазалау шараларын қатаңдату.  

Бұрын құқық бұзушылар әкімшілік жазамен құтылатын. Енді қылмыстық кодекс аясында жауапкершілікке тартылады. Денсаулыққа қасақана орташа ауыр немесе ауыр зиян келтіргендер бас бостандығынан айырылады. Ал педофилдер өмір бойы темір торға тоғытылады. 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендер мен өзіне өзі қол жұмсаға итермелегендер қылмыстық жазаға тартылады.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Біздің сараптамамыз бойынша, тұрмыстық салада жасалған қылмыстардың 54%-ы ішімдіктің әсерінен болады. Былтыр бұл көрсеткіш 52% болатын. Бұрын бұл іс сотта қаралғанда айыпталушыға ішімдік ішуге тыйым салу жөнінде үкім шығарылатын. Жаңа заң аясында бұл норма кеңейтілді. Себебі ішімдік немесе есірткі қолдану – қауіптілікті арттырып, отбасылық жанжал туындау қатерін күшейтеді.

Құқық қорғау жүйесі ғана емес, жергілікті атқарушы органдар мен әлеуметтік сала өкілдерінің жұмыстары, сонымен қатар медициналық және психологиялық қызметтер де ширай түседі. Олар енді бірлесе отырып әрекет етеді.

Динара Зәкиева, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Заң жобасында 70-тен астам позиция бар жалпы екі бағыт бойынша түзетулер көздерген. Біріншіден, отбасыларға, балаларға көмек көрсететін инфрақұрылым құру бойынша әр ауданда отбасын қолдау, психологиялық қолдау орталықтарын ашу бойынша тиісті түзетулер көзделген.

Жаңа заңда баланы күштеп тартып алу мен ата-ана құқығынан айыруға қатысты ешқандай норма жоқ.

Юлия Овечкина, ҚР ОАМ балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

- Айта кеткім келетіні, баланы тартып алу қолданыстағы «Неке және отбасы туралы» Кодекстің 82-ші бабы арқылы реттеледі. 2011 жылдан аталған құжатқа ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Ата-ана құқығынан айыруға негіз болатын нормалар кодексте көрсетілген.

Сенат Төрағасы заңды әзірлеу кезінде қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың, сарапшылардың пікірі ескерілгенін атап өтті. Осылайша, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізілді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің тапсырмаларын орындау үшін арнайы заңдар әзірленді. Мақұлданған заңдар әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіп отыр. Бұл заңдар әйелдер мен балалардың контситуциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз.

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы. Сенаторлар жанұядағы салауатты қарым-қатынастар ғана адамның толыққанды дамуына кепілдік береді дейді.

Авторлары: Рухани Асқар, Жандос Битабаров