Экологиялық акция Түркістан облысының 17 ауданы мен қаласында да жалғасты

Мәселен Созақтықтар 12 ауылдық округтен 235 тонна қоқыс шығарып, 22 мың түп көшет отырғызды.

Ордабасы ауданының ерікті жастары «Ардагерлер саябағын» абаттандырып, ағаш түптерін әктеді. Сонымен қатар ұзындығы 28 шақырым болатын 15 каналдың табанын тазалады. Сарыағаштық әжелер «Таза өлке» апталығын ерекше іс-шарамен бастады.  Ал еріктілер мен белсенділер ауыл-аймақта 2 мың түп көшет егіп, мың түп гүл отырғызды. Ерекше акциядан Түлкібастықтар да шет қалмады. Аудан тұрғындары елді мекендердегі арық-атыздар мен аулаларды тазартып, 30 тонна күл-қоқыс жинады. Ал Жетісай қаласының халқы Орталық саябақта тазалау жұмыстарын жүргізді.

Хансұлу Қойлыбаева, Жетісай қаласының тұрғыны:

- Бұрынғы жағдайы мәз емес еді ғой. ана жерде, мына жерде шашылып жататын. Әсіресе, осы саябақтың құлпырғанына қуанып тұрмыз. Біз қалада тұрғандаймыз, біз Астанада жүргендейміз. Балаларымыз ойнайды, мына жақта өзіміз отырамыз, демаламыз. Таңертең келіп, жаттығу жасауға да болады, керемет енді.

Жұмабай Абилов, Түлкібас аудандық түрік ұлттық мәдени орталығының төрағасы:

- Барша аудан тұрғындарын, әрбір азаматты өзінің үйінің ауласын және әрбір қызметкерлерді қызмет етіп отырған мекемесінің ауласын көкалдандыруға, көркейтуге, ағаш егуге, қоқыстан тазалауға шақырамыз.