Қостанайдағы көпірде көлік қозғалысы жанданды. LIVE

Қостанайда су тасқынынан жабылған 2 көпірдің бірі бүгін ашылды.

Әзірге көпір үстімен тек жеңіл көліктерге жүруге рұқсат беріліп отыр. Бірақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін машина қозғалысы бақылауда болады. Қажет кезінде реттеліп отырады.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Өзен үстімен Қостанай мен Тобыл қаласын жалғайтын 3 көпір бар. Халық арасында КЖБИ, Орталық және Корей деген атаумен мәлім 3 көпірдің екеуін су шайып кетіп, шамамен бір аптаға жабылып қалған еді. Соның салдарынан Орталық көпірге салмақ түсіп, көлік кептелістері туындады. Бүгін енді темір-бетон өнімдері комбинаты шағынауданындағы көпір үстімен көлік қозғалысы қайта жанданды.

Былай сырт көзге құрылымның зақымданғаны байқалмайды. Жолдың жағдайын арнайы комиссия әлі зерттеп жатыр. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының басшысы Рафис Зейнетовтың айтуынша, су тасқыны бірнеше жарық бағанының түбін шайған. Жаяу жүргіншілер жолының астыңғы бөлігі бүлінген. Кей тұстары жарамсыз күйге жеткен. Бүгінде оның бәрі бекітілген. Жеңіл көлік қозғалысына қауіп жоқ деп отыр. Ал «ҚАЖсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қостанайлық филиалының директоры Нұрғали Махмұтов көпір әлі зерттеліп, тексеріледі, – дейді.

Нұрғали Махмұтов, «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының директоры:

- Үлкен жүк көліктеріне аша алмаймыз, өйткені жолдың «основаниесі» дейміз, табаны қатты сумен ылғалданып кеткен, сол судың кетуін күтіп, сол ылғал кепкеннен кейін сол жүк көліктеріне қозғалыс қамтамасыз етеміз. Ұлттық сапа орталығы осында олар зерттеу жасап, комиссионный акт жазылып шығады. Сонда қандай жол ақауларын қайтіп дұрыстау жұмыстары белгіленеді.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бұл көпір 2010-2013 жылдар аралығында салынған. Күрделі жөндеуге дейін көпір өткелдері 50 жылға шыдауы тиіс. Мамандар: «Көпірдің жағдайы жақсы», – деп отыр.